ҒАСЫРЛЫҚ МҰРАНЫҢ ОРАЛУЫ | «Айқын» газеті
Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы төл тарихымызды түгендеуге, ғасырлық мұрамызды жаңғыртуға жасалған батыл қадам деп санаймын. Мақаладағы «Архив – 2025» атты жеті жылдық бағдарламаны қабылдап, жалпы төл тарихымызға қатысты тың деректерді жинастырып, цифрлы форматқа көшіру мәселесі көңілге қонды.
Қазіргі кезде саябақтар ашылғанымен, түп тамырымыздан сыр шертетін саябақты Шәуілдірде, «Арыстан баб» кесенесіне барған сәтімде көрген едім. Ойды ой жалғайды демекші, энциклопедиялық саябақ ашу арқылы ұлы даламыздың ұлы есімдерін жаңғырту мәселесі көтерілді.
Кезінде көз майын тауысып, қазақтың музыкалық аспаптарын зерттеген Болат Сарыбаевтың асқақ арманы орындалған тәрізді. Саз аспаптарына қатысты «Ұлы даланың көне сарындары» атты жинақты шығару бүгінде біз білмей жүрген аспаптарды тануға және өнертанушы ғалымдардың ғылыми қолданысқа енгізуіне мүмкіндік туып отыр.
Қиссалар мен ертегілерді жарыққа шығару мәселесі көтерілді. Бұл мәселені хас мамандар атқарса, нұр үстіне нұр. Киноиндустрияда тарихи туындыларды кеңейту мәселесі көтерілді. Бүгінде ұлттық арнада жол тартқалы отырған «Кейкі мерген» фильмі көрерменге өз уақытында ұсынылғалы отыр.
Қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаров «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильмі арқылы қанша ұрпақтың санасына сәуле жағып, жүрегіне от берді. Әмен Қайдаровтың жолын жалғап жүрген жастарға бұл мақалада үлкен жауапкершілік жүктелген.
Әрине, тынымсыз еңбек ұлы жеңістерге алып барады. Мақаланың Жастар жылы қарсаңында жариялануы көңіл қуантады.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы
жас саясаттанушылар мектебінің мүшесі
Дереккөз: Айқын