Г.Әбдіқалықова Армения елшісімен кездесті

0

Г.Әбдіқалықова кездесу ба­рысында Қазақстан мен Арме­нияны тарихи және мәдени қа­рым-қатынастар тығыз байланыстыратынын атап өтті. Оның ішінде жемісті ынтымақтастық ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ТМД жә­не бас­қа да интеграциялық бірлес­тік­тер аясында жүзеге асып келеді.

Мемлекеттік хатшы елшіні Қазақстандағы қызметіне таға­­йындалуымен және Арме­ния­дағы парламенттік сайлау­дың өтуімен құттықтап, жаңа­дан сайланған заң шығару­шы органның бел­сенді қызме­ті Қазақстан-Ар­мения серіктес­ті­гінің одан әрі нығая түсуіне оң ықпал ете­тініне сенім білдірді.

Г.Әбдіқалықова екі елдің еу­ра­зиялық интеграция аясын­дағы өзара іс-әрекеті тауар айна­лымының өсу қарқынына сеп­тігін тигізіп отырғанын айт­ты. 2018 жылғы 10 айдың қо­рытындысы бойынша, Қазақ­стан мен Армения арасындағы тауар айналымы 10,4 млн АҚШ долларын құрап, 2017 жылмен салыстырғандағы өсім 19,5 пайызға жеткен. Оның ішінде экспорттың үлесі 4,9 млн доллар болса, импорт 5,5 млн долларды құраған.

– Біздің мәдени-гума­ни­тарлық ынтымақ­тас­ты­ғы­мыз­дың Қазақстан мен Армения қа­рым-қатынасында ерекше маңызы бар. Тұрақты түрде мә­дени, ғылыми және спорттық іс-шаралар өткізіліп, жастар мен білім мекемелері арасын­да тығыз байланыс жолға қойы­луда. Қазақстанда тұрып жат­қан армян диаспорасы – біз­дің мәдени-гуманитарлық қаты­насымыздың маңызды дәнекері, – дей келе, Мемлекеттік хатшы еліміздің әрбір облыс орталығында Армян ұлттық-мәдени бірлестіктерінің табыс­ты жұмыс істеп жатқандығын атап өтті.

Кездесу соңында Мем­ле­кеттік хатшы Гүлшара Әбді­қа­лықова Арменияның Төтенше және өкілетті елшісі Гагик Гала­чянға екіжақты өзара әрекет­тестікті одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі.

Г.Галачян бұл қызметіне өт­­кен жылдың қараша айында Ар­мения президентінің жарлы­ғымен тағайындалған болатын.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/