Футбол ойнап жүрген: Қостанайда жасөспірім көз жұмды

0
71

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

16 жастағы бала ауруханада екі аптадан артық уақыт жатты, дәрігерлер оған бірнеше күрделі ота жасаған

НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Қостанайдағы балалар ауруханасында футбол қақпасы басып қалған Намик Шишинов көз жұмды. Бұл туралы жасөспірімнің туған-туыстары хабарлады, деп жазады «Қостанай жаңалықтары» басылымы.

Туыстарының айтуынша, баланың жағдайы бүгін түнде күрт нашарлап кеткен. Таңертең Намик көз жұмды.

Басылымның мәліметінше, дүйсенбі күні жасөспірім Нұр-Сұлтан қаласындағы клиникаға жеткізілуі тиіс болатын.

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 28 маусымда болды. 16 жастағы Намик спорт алаңында ойнап жүрген кезде, үстіне футбол қақпасы құлап, басып қалған. Кейін қақпаның бекітілмей, бос тұрғаны анықталды.

Баланың бауыры езіліп кеткен, оған бірнеше күрделі операция жасалды.

Қостанай облысы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-тармағы («Салғырттық») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұл бап бойынша үш жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу немесе белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру арқылы төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.



sputniknews.kz