Францияда «сары жейделілер» министрлік ғимаратына басып кірді

0

Францияда «сары жейделілер» ереуілі қайта басталды. Бұл жолы наразы топ елдегі байланыс министрлігіне басып кірген.

Қарашада басталған шеру осымен сегінші рет ұйымдастырлып отыр. Елу мыңнан астам адам салық пен жанармай бағасын төмендетуді, не болмаса билік басшысының отставкаға кетуін талап етті. Гренель көшесіне жиналған жұрт Франция байланыс министрлігінің ғимаратына басып кірді.

Фото: www.bbc.com

«Лэ Монд» басылымының хабарлауынша, үкімет наразы топпен бейбіт келіссөз өткізу туралы ұсыныс білдірген. Алайда, шеруге шыққандар бұған келіспей отыр. Франция үкіметінің ресми өкілі Бенжамин Гриво: «Француз билігі шерушілердің талабын орындады. Халық ереуілге шыққан күні-ақ парламент жанармай салығын көтеруге шектеу қойды. Зейнетақы мөлшерін арттыруға уәді берді. Ал біздің тарап мемлекет пен наразылар арасында бейбіт диалог өткізгісі келеді. Бірақ, бейбіт диалогтан бас тартып, жергілікті тұрғындарды билікке қарсы қойғандар – экстремистер. Олардың басты мақсаты үкіметті құлатып,ел тыныштығын бұзу», – деп мәлімдеді. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон арнайы мәлімдеме жасап: «Елдегі орын алып жатқан жағдайларды ішкі істер министрлігі қадағалап, күн сайын хабардар етіп отыр. Арандатушылар мен құқық бұзғандар заң алдында жауап береді. Біздің мемлекетімізге бейбітшілік пен ынтымақ қажет. Бұлай жалғаса берсе, Франция бейбітшілігіне нұқсан келеді», – деді. Алдағы уақытта шеру ұйымдастырушылар тергеуге алынып, қатаң жаза қолданылады.

17 қарашадан бері Францияда жанармай акцизін көтеруге қарсылық акциялары өтіп жатыр. Кей аймақтарда шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласып, бес жүзден астам адам ұсталды. Оқиғадан соң Париждегі Салтанат қақпасы ауданында полиция жанармай салығын көбейтуге қарсылық білдіріп шеруге шыққан наразыларды тоқтату үшін пиротехникалық гранаттар қолданған.

«The Qazaq Times»