форум, автобустағы шенеуніктер, аналар талабы

0

Астана экономикалық форумы өтіп жатқан ғимарат алдында басталған 16 мамыр күнгі көп балалы аналардың наразылығы кейінірек Нұр-Сұлтан қалалық әкімдікте жалғасты. Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты.

Эфирді көріңіз:

Мамырдың 16-сы күні түске таман Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен өтіп жатқан Астана экономикалық форумы алдына ондаған ана наразылық білдіріп келді.

Жиналғандар өткен айда балаларға берілетін жәрдемақыны көбейту, әлеуметтік жеңілдіктер жасау сияқты ондаған талабын жазып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминге, парламент депутаттарына хат жолдаған. Наразылар биліктің аналар талабына құлақ аспай отырғанын айтып, ашуланды. Олар «Бақытты отбасы» сияқты мемлекеттік баспана бағдарламаларының шарттарын жеңілдетуді, алғашқы жарна мен банк комиссияларын алып тастауды талап етті.

— Бес балам бар. «Времянка» (уақытша баспана — ред.) жалдап келеміз. Жолдасымның табысы жетпейді. Ақша жиналмайды. Бір үй болса. Тегін сұрап жатқан жоқпыз. Мысалы, мен ай сайын біреуге 50 мың теңге төлеп жатырмын. Сол ақшаны өзімдікі болып қалатын үйге төлесем деп едім. Он жылдан бері баламен қаңғырып жүрмін, — деді наразы аналардың бірі Әлімжанова Аққу Азаттық тілшісіне.

Форум өтіп жатқан ғимарат алдында жиырма минуттай айқайлап, талаптарын айтқандарға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов шықты.

Сапарбаев пен Сұлтанов наразылар мәселесін жеке-жеке қарау үшін әкімдікке баруды ұсынып, көп балалы аналарды форум өтіп жатқан жерден алып кетуге тырысты. Осылайша оларға автобусқа отыруға кеңес берді.

Әуел баста шенеуніктер жанында жүрген қызметкерлер Азаттықтың түсірілім тобының автобусқа мінуіне кедергі жасады. Бірақ аналар журналистерді кіргізуді талап еткен соң ғана Азаттық тілшілері автобусқа кіре алды.

Автобус ішінде аналар Сұлтанов пен Сапарбаевқа кезектесе шағымын айта бастады. Олар «Баспана! Баспана!» деп айқайлады.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов автобуста көп балалы аналардың сұрақтарына жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов автобуста көп балалы аналардың сұрақтарына жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Аналар наразылығына байланысты Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «олардың мәселесі заңға сәйкес шешілуі керек» деді.

«Алғашқы жарнаны алып тастау туралы» аналардың шағымына байланысты «Біз кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшыларымен сөйлесуіміз керек. 1-1,5 миллион теңгені төлеуге көмектесу керек» деді.

«Тұрмысы нашар отбасылардың жағдайы шешілетін уақыт келе ме?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына министр «Шешіліп жатыр ғой. Бірінші сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек беріп жатырмыз. Басқа да жеңілдіктер төленіп жатқаныне білесіз. Мектептегі тегін тамақ, балабақшаға орналастыру. Олар шешіліп жатыр. Келешекте де шешіледі» деді министр.

Министрді айнала қоршаған аналардың бірі баспана кезегінің артқа қарай жылжып бара жатқанына шағымданды.

— Үйдің кезегін күтіңіз дейді. Мен жалпы тізімде 20 404 тұрғанмын. Енді 20 530 адам тұр. Олар қайдан келді? Үйдің кезегі артқа жылжып жатыр. Неге алға жылжымайды? Неге кезекке тұрғыза береді? Бірінші тұрғандарға берсін, — деді аналардың бірі.

Ал Сапарбаев оған қайрыла «әрқайсысын зерттеу керек, жалпы айыптауға болмайды» деді. Бұл уақытта Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа да аналар талап-тілектерін айтып жатты.

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне келген соң Азаттықтың түсірілім тобы тағы да аналармен бірге әкімдікке кіре алмай, тосқауылға кезікті. Шенеуніктер де, оның жанында жүрген қызметкерлер де «бұл жерде журналистер емес, көп балалы аналар мәселесі қарастырылады» деп аналарды БАҚ өкілдерінсіз ішке кіргізуге тырысты. Бірақ көп балалы аналар ақпарат құралдарынсыз кірмейтінін айтып, әкімдік өкілдерінен олардың ішке кіруге рұқсат беруді талап етті. Ақырында билік өкілдері Азаттық пен өзге тілшілердің кіруіне рұқсат берді.

Залға кіруді күтіп тұрған кезде наразы аналардың бірі Азаттық тілшісіне автобуста шенеуніктердің айтқан сөздеріне сенбейтінін, бұл жолы да талаптары орындалмай қалатынын айтып сенімсіздік білдірді.

— Олар неге «42 мың теңгесі болса баспана алады, болмаса — алмайды» деп бөледі? 21 мың теңге кедейлік өлшемі емес пе? Ал ендеше депутаттардың жалақысы неге миллион теңгені құрайды? Неге шенеуніктер 3-4 миллион теңге алады? Не үшін ақшаны оффшорға салады? Неге оны Қазақстанға қайтармайды? Үш жыл бұрын президент ұрланған ақшаны елге қайтарамыз, Қазақстан экономикасына жұмыс істейді деп айтты. Ол ақша қайда? Неге орасан зор шығынды талап ететін Астана атауын өзгертеді? Неге сайлау өткізіп жатыр? Оның кімге керегі бар? Халық үнін ешкім тыңдап жатқан жоқ, — деді ашынған аналардың бірі Азаттық тілшісіне.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың көп балалы аналарды қабылдау шарасына Азаттық тілшілері жиын басталып кеткен соң кіре алды. Аналар баспана кезегінің баяу жылжитынына, банктердің үй алу үшін алғашқы жарна төлеу талабы барына шағымданды. Жиында еңбек вице-министрі Светлана Жақыпова мен әкімдік өкілдері отырды.

Наразылар баспана мен атаулы әлеуметтік көмек сияқты мәселелер бойынша кезектесе сұрақ қойды.

Көп балалы аналардың бірі қала әкімімен кездесуде отыр. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Көп балалы аналардың бірі қала әкімімен кездесуде отыр. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Жиналғандардың кейбірі баспана алу үшін банкке алғашқы жарна төлеу талабын алып тастауды сұрады. Сұлтанов «Алғашқы жарна төлеу талабын алып тастау — банкті құлдырату деген сөз» деді. Баспана кезегінің баяу жылжитынына шағынан аналарға Сұлтанов «мәселенің шешіліп жатқанын» айтып жауап берді.

— Кезекте тұрғандарға берілетін баспана санын көбейтуге тырысамыз. Үкімет түрлі бағдарламалар арқылы Алматы да, Шымкентте де осы мәселені шешуге тырысып жатыр. Себебі бізде мәселе расымен көп. Кезекке тұра алмай жатқандар да бар, — деді әкім.

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға 70-ке тарта ана келген. Олар Сұлтановтың атына жеке басындағы мәселесін жазып беруі үшін әкімдік наразыларға парақ таратып берген.

Жарты сағаттай уақыттан соң әкімдік өкілдері «Жиын ары қарай баспасөздің қатысуынсыз өтеді» деп журналистерді шығарып жіберді.

2019 жылы 4 ақпанда Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған. Осы оқиғадан кейін Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы күшейген.

Azattyq