Ежелгі өркениетте рабат салудың маңызы қандай болған?
Қазақ жеріндегі қалалардың құрылымы цитадель (ішкі қамал), шахристан (дуалмен бекіндірілген қала) және рабат (қала төңірегіндегі сауда-қолөнер орны) сияқты үш бөліктен тұрған. Соның ішінде рабат – арабша “бекініс”, “бекет” деген мағынаны білдіретін ортағасырлық қалалардағы сауда-қолөнері дамыған, қаланың еңбекші тұрғындары қоныстанған аудан. Кей дерекке сүйенсек, рабаттар алғашында тек бекініс ретінде іргесі қаланып, кейін ұлғайып, қаланың аумағына кіріп кеткен. Сөйтіп толық бір ауданға айналады, бірақ ол қаланың сыртында орналасқан.
ІХ-ХІІ ғасырларда Қарахан әулеті билікке келгенде қазақ жеріндегі қалалар зор қарқынмен дамыды. Ақсүйектердің зәулім сарайы, діни медреселер салынып, су құбыры жүргізілді. Осы кезде рабаттар көп пайда болып, бұрыннан барлары зор жылдамдықпен өсті. Мысалы, 5-7 гектардан аспаған Отырар рабатының аумағы 170 гектарға жетіпті.
Рабатта қарапайым еңбекші халық, саудагерлер мен қолөнершілер, ұсталар мен наубайшылар сияқты тағы басқа кәсіп иелері өмір сүріп, жұмысын дөңгелеткен. Бір қызығы, әртүрлі кәсіп иесінің тұратын өз көшесі мен сауданы болған. Мысалы, бір көше наубайшылар көшесі аталса, келесі көшені ұсталар ғана мекендеген. Шеберханалары да үйімен бірге жайғасқан.
Рабатта саудагерлер ат шалдырған, онда демалатын сарайлар мен сауда жасайтын базарлар көп болған. Қалада қоныстанған халық осында келіп, керек-жарағын түгендеген. Тіршілік басқа аудандарда емес, дәл осы рабатта қызған, сондықтан басқа аудандардан адам саны да көп болған.
Оңтүстік Қазақстан аймағында кездесетін 33, Жетісу өңіріндегі 20-дан астам көне қаланың барлығы осы цитадель, шахристан, рабат жүйесімен салынған.
Дереккөз: Baribar.kz