ЕҰУ-дан Колумбияға дейін. АҚШ-тың үздік университеттерінің біріне түсудің жолы

0

Неге Колумбия университеті?

АҚШ-тың білім беру жүйесі әлемдегі үздіктердің қатарында емес. Мысалы, мектептегі білім беру сапасы рейтингісінде АҚШ Ресей және Балтық теңізі жағалауындағы елдерден де төменде тұр. Бірақ, жоғарғы білім бойынша америкалық университеттер көш басында. Мысалы, әлемдегі ең үздік 100 университеттің 47-сі АҚШ-та орналасқан.

Ақнұр Айтбекова әлемдік рейтингтегі үздік ондыққа кіретін, ал журналистика мен PR салалары бойынша әлемдегі ең үздік жоғары мектеп саналатын Колумбия Университетінде оқып жатыр.

– Мен БАҚ саласында орыстың белгілі тележүргізушісі Владимир Познердің бағдарламаларын қарауды ұнатамын. Бір күні Познердің Мәскеу мемлекеттік университетіндегі журналистика факультетінің студенттеріне оқыған лекциясын тыңдап отырып, оның Колумбия университеті туралы ойы көкейіме қонды. Ол Колумбия университетін журналистика және PR бойынша әлемдегі ең үздік мектеп деп есептейді екен. Содан бері Колумбия университеті жайлы көбірек ақпарат іздеп, соған оқуға түскім келіп, мақсат еттім, – дейді Ақнұр.

Ақнұр Астана қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму істері басқармасында ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімінің жетекшісі қызметін атқарған. Ал қазір Колумбия Университетінде «Стратегиялық коммуникация» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Осы жылдың мамыр айында магистрлік деңгейін иемденбек.

Бір эссе сіздің тағдырыңызды шешеді

Ақнұр «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Ол Колумбия университетінен басқа жоғары оқу орындарына тапсырғысы да келмегенін айтады.

– Колумбия университеті АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан. Бір жағынан алып қалада өмір сүрудің орасан зор тәжірибе боларын білдім. Сосын Колумбияның білімі менің болашағымды айтарлықтай өзгертетініне сенетінмін, – дейді Ақнұр.

Ол өзі таңдаған университетке бірден түсе алмағанын айтады. Тек екінші рет тапсырған кезде оқуға шақырту алады. Қазақстандағы университеттерден шақырту алу аса көп қиындық тудырмайды. АҚШ-та магистратураға түсу – қиынның қиыны. Өтініш білдіргендердің 10-15 пайызы ғана америкалық жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алады. Оның өзінде ол ақылы түрде оқуға беріледі.


Ақнұр Колумбия Университетінің негізгі кітапханасының алдында

Ақнұр Колумбия Университетінің негізгі кітапханасының алдында / Фото Ақнұрдың жеке мұрағатынан алынды


– Бір эссе сіздің тағдырыңызды шешеді. Университетке қабылдау комиссиясының стандартты талаптарынан бөлек, сізге автобиографиялық және кәсіби эссе жазу тапсырылады. Сіз шығарманы комиссия мүшелерін бірден баурап алатындай етіп жазуыңыз керек. Әйтпесе, мыңдаған үміткердің арасында байқалмай қаларыңыз анық. Менің бірінші жылы жазған эссем сондай болды. Қазір оны қайта оқып, нашар жазғанымды мойындаймын, – дейді ол.

Ақнұр алғашқы тапсырған жылы эссеге айтарлықтай мән бермегенін айтады. Себебі Қазақстан білім беру жүйесінде эссе жазу талап етілмейді.

АҚШ университеттерінің үміткерлерге талаптары қандай?

Әдетте әр университет пен оның әр факультетінің талаптары әртүрлі болады. Мысалы, кейбір жоғары оқу орындары қосымша емтихан немесе онлайн сұхбат белгілейді.

Америкадағы жоғары оқу орындарының стандартты талаптарына төмендегідей құжаттар кіреді.

  • Бакалавр деңгейін тәмамдағаныңызды дәлелдейтін ресми құжат (транскрипт)
  • Үш ұсыныс хат
  • Ағылшын тілін білу деңгейіңізді дәлелдейтін сертификат (IELTS, TOEFL)
  • Резюме
  • GRE немесе GMAT емтиханын тапсырғаныңызды дәлелдейтін сертификат
  • Өтініш білдіру комиссия ақысы
  • Автобиографиялық және кәсіби эссе
  • Мамандық бойынша эссе (қосымша)

Тізімдегі талаптардан бөлек, мысалы журналист болсаңыз, кәсіби түрде жазылған мақалаларыңызды жіберуге міндеттелесіз. Ол ағылшын тілінде болмаса, аударуға тиіссіз. Сонымен қатар, жазбаша түрде емтихан тапсыру бекітіледі. Ол сыни ойлауға қатысты кәсіби үш сұрақтан тұрады. Ол үшін сізге 90 минут уақыт беріледі.

Кейбір университеттер GRE немесе GMAT емтихандарын тапсыруды міндеттемейді. Бұлар – ағылшын тіліндегі сөздік қор, сыни жазу мен математикадан тұратын күрделі емтихан түрлері. Оларды шетелдік студенттер былай тұрсын, америкалықтардың өздері айлап дайындалып әрең тапсырады.

IELTS емтиханы бойынша сізде кем дегенде 7 балл болуға тиіс. Колумбия Университетінің журналистика мектебі 8 балл жинауды талап етеді.


Ақнұр бірге оқитын студенттермен бірге

Ақнұр бірге оқитын студенттермен / Фото Ақнұрдың жеке мұрағатынан алынды


Комиссия ақысы әдетте 100 АҚШ долларының төңірегінде болады. Ол ақша қайтарылмайды. Кейбір университеттер видео арқылы белгілі бір сұрақтарға жауап беруіңізді талап етеді. Ал, видеосұхбатта көбіне өзіңіздің университетте айналысуды жоспарлаған жобаларыңыз бен оқудан кейінгі жоспарларыңыз туралы сұрайды.

АҚШ университеттерінің артықшылықтары неде?

– Екі ел университеттерінің білім беру жүйесінің айырмашылықтары көп. АҚШ жоғары оқу орындарының ең басты артықшылығы студенттерге берілетін тапсырмаларда. Олар көбіне теориялық емес, практикалық күйде келеді. Және оны орындау үшін студенттерге тіпті, кітапханада түнеп жүріп, ізденуге тура келеді, – дейді Ақнұр.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Колумбия университетінде екі үлкен кітапхана бар. Оның біреуі тәулік бойы жұмыс істейді. Дәл сол кітапханада университет студенттері оқып, тамақтанып, тіпті түнеп жатады екен.

– Расында, мен мұндай ортаны Қазақстанда білім алғанда көрген емеспін. Кітапханада студенттердің көздері қызарғанша кітап оқып отырғанын жиі көремін. Кейбіреулері жастанатын жастықтарын алып келіп, сонда ұйықтайды. Бұл біз үшін таңсық дүние шығар. Бірақ, АҚШ-тағы университеттегі оқу осындай, – дейді біздің кейіпкеріміз.


Ақнұрдың айтуынша, Колумбия университетінің кітапханасында қажет оқулықтардың барлығы бар

Ақнұрдың айтуынша, Колумбия университетінің кітапханасында қажет оқулықтардың барлығы бар / Фото Ақнұрдың жеке мұрағатынан алынды


Ақнұрдың таңдаған оқу бағдарламасы екі жылға жоспарланған. Ол алғашқы жылы оқу үдерісінен қалып қоймау үшін кітапханада көп уақыт өткізгенін айтады. Кітапханада түнеп, үнемі таңға қарай үйіне қайтатын болған.

– Алғашқы жылы Нью-Йоркта серуендеуге уақытым болмады. Алып қаланың тамашалайтын орындары көп. Соның өзінде мен бірінші жылы танымал Бруклин көпірін, Азаттық мүсінін көруге немесе Уолл стритте аралауға бара алмадым. Себебі оқу бағдарламасына ілесу үшін апта сайын бірнеше кітап оқып, әр сабақ бойынша сараптамалар мен мазмұндық эсселар жазу керек болды, – дейді ол.

Колумбия университетінің оқу барысы қандай?

Ақнұр Колумбия университетінде бірге оқитын студенттермен алғаш танысқан кезінде олардың Гарвард, Стэнфорд және өзге де үздік университеттерде бакалавр деңгейін алғандары жайлы біліп, таңданғанын айтады.

– Мен Еуразия Ұлттық Университетін бітіргенмін. Гарвард сынды университет түлектерімен семинар немесе лекцияда бірге отыратынымды білгенде сене алмадым, қуандым. Сол кезде менің олардан көп нарсе үйренетінімді түсіндім. Сондықтан еселеп күш жұмсап, дайындалдым, – дейді ол.

Ақнұр университет профессорларының барлық студент пікіріне құлақ асып, олармен санасатындарын айтады. Лекторлардың бірде-бір студентті тыңдамай кеткенін, жерге қаратқанын көрмепті.

– Профессорлар өте ашық және сабырлы. Олар кез келген студентпен қосымша жұмыс істеуге дайын. Олардың қарым-қатынасы да өзгеше. Мысалы, ұстаздарды қарату мақсатында «профессор» лауазымын қолдансаңыз, олар жәй атын атап шақыруды сұрайды. Осылай сіз білім жолында профессорлармен етене жақын араласуға мүмкіндік аласыз, – дейді біздің кейіпкеріміз.

Ақнұр Нью-Йорктегі оқуы барысында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тәжірибеден өткен. Ол екі айда әлемнің беделді саясаткерлерінің БҰҰ дөңгелек үстеліндегі маңызды шешімдер қабылдау сәттеріне куә болған. Тәжірибе алмасу кезінде оның Қазақстанда еткен еңбегі орасан зор көмегін беріпті.


Ақнұр Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаровпен бірге

Ақнұр Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаровпен бірге / Фото Ақнұрдың жеке мұрағатынан алынды


Колумбия университетіне қандай студенттер қабылданады?

Ақнұрдың айтуынша, АҚШ-тың үздік университеттерінде білім алу үшін айналаға сыни көзқараспен қарайтын, өзіне талап қоя білетін әрі жауапкершгілікті сезінетін қасиет қажет. Сосын жеке тәжірибе мен кәсіби біліктілік те маңызды. Одан бөлек, университет пен мамандықты таңдау себебін нақты түсіндіріп бере алсаңыз ғана қабылданасыз.

– Колумбия университеті сияқты оқу орындарында студенттердің әр елден болуына аса көп мән береді. Мысалы, бір сыныпта араб елдерінен, Латын Америкасынан, Африка құрлығынан, Еуропа және Азия континеттерінен келген студенттер болса, оқу барысы да, ұйымдастырылатын пікірталас та қызу әрі қарқынды өтеді. Себебі әртүрлі аймақтан келген студенттердің ойы өзгеше, білімі басқаша. Олардың көзқарасы да бір-біріне ұқсамайды. Бұның барлығы жаңаша ойлау мен ерекше пікір қалыптастыруға және креативті шешім қабылдай білуді дамытуға жол ашады, – дейді ол.

Ақнұр тапсырмалардың көбі студенттердің топтасып жұмыс істеуіне бағытталатынын айтады. Бұл тапсырманы дұрыс бөлісіп, оны шешудің жолын іздеген білімгерлердің өз міндеттерін анықтауына көмектеседі екен.


Ақнұр Уолл стриттегі танымал Charging Bull монументі алдында

Ақнұр Уолл стриттегі танымал Charging Bull монументі алдында / Фото Ақнұрдың жеке мұрағатынан алынды


– Бізге көбіне практикалық тапсырмалар жүктеледі. Мысалы, аты әлемге танымал брендтің PR стратегиясын жасау керек делік. Атап айтсақ, Starbucks бренді ұсынылды делік. Бірден қарағанда, бұл онсыз да әлемге танымал, жарнаманы талап етпейтін бренд болып көрінуі мүмкін. Бірақ, оның да стратегиялық дамуында қиындықтар туындары анық. Біз оны тапсырманы орындай келе анықтаймыз. Сосын студенттер жасаған стратегиялық жоспар сол компанияның өзіне жіберіледі. Кейде компания басшылары студенттердің ұсыныстарын қабылдап, тіпті, орындаушыларға жұмыс ұсынған кездері де жиі кездеседі, – дейді ол.

«Қазақ шенеуніктері сын көтере білуі тиіс»

АҚШ-қа оқуға келгенге дейін Ақнұрдың өзі де сын көтере алмайтын болыпты. Америкалық қоғамда сыни көзқарастың маңызы орасан зор екенін пайымдап, айтылатын кез келген сынды қабылдау керектігін түсінген.

– Қазақстанда жүргенде біреудің сынын қабылдай алмаймыз. Шын мәнінде, ары қарай даму үшін, өсу үшін оны өз пайдаңа қарай қолдануға болады. Айтылған сын орынды болсын, орынсыз болсын, оның пайдасы зор. Қазақ үкіметі де сынды көтере алмайды. Сынның Қазақстанды дамыған елдер қатарына аз уақытта қосатын серіппе екенін түсіну керек. Себебі сын айтылған жерде, жоспар қайта талқыланып, дамудың дұрыс жолы таңдалады, – дейді ол.

Ақнұр оқуда жүріп, Астанадағы жұмысы жайлы көп ойланғанын айтады. Ол кей жағдайда біздің шенеуніктердің сын көтере алмай қитығып қалатынын, содан халықпен санаспайтынын қазір айқын көріп отыр.

– Мысалы, бір оқыс жағдай бола қалса, Қазақ үкіметі немесе жергілікті әкімдік бірден халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Егер олай етпесе, журналистер ол туралы өздері зерттеп, басқа ақпарат көздерінен мәлімет жинады. Ол теріс ақпарат болса, қоғамда басқаша түсініктің қалыптасуына түрткі болады. Біздің шенеуніктер осыны түсініп, мейлінше ашық болып, қоғаммен қоян қолтық араласуы тиіс, – дейді ол.

Ақнұр оқуын тәмамдағаннан кейін Қазақстанға қайтуды жоспарлап отыр. Әзірге нақты қайда жұмыс істейтінін шешпеген, жоспар құрмаған. Бірақ қандай болмасын түскен ұсынысты қарап, қабылдауға дайын.


Дереккөз: https://informburo.kz