Еуропа кеңесі бас хатшысы Ресей ОСК басшысымен кездеспекші

0

Еуропа кеңесінің (ЕК) бас хатшысы Турбьерн Ягланд Ресей Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) төрағасымен кездеспекші. Кездесуге Мәскеу қалалық думасы сайлауына тіркелмеген үміткерлер төңірегіндегі дау себеп болған. Еуропа кеңесінің сайтында жарияланған мәлімдемеде Ягланд өткен сенбідегі бейбіт митингі мен сайлауға оппозициялық кандидаттардың қатысуға мүмкіндік ала алмағанына алаңдаушылық білдірген. Ягланд бұл мәселелерді ОСК жетекшісі Элла Памфиловамен талқылағысы келетінін айтты.

Еуропа кеңесінің бас хатшысы сайлауалды кампаниясына легитимді барлық үміткерлер қатысуы тиіс, ал билік еркін әрі әділ сайлау өткізуді қамтамасыз етуге міндетті деп санайды.

«Ресей Еуропа Кеңесінің мүшесі болғандықтан барлық еуропалық стандарттарды сақтауы тиіс» дейді Турбьёрн Ягланд.

27 шілдеде Мәскеу қаласы орталығында тәуелсіз кандидаттарды қалалық дума сайлауына жібермеуіне байланысты қарсылық акциясы өтті. Полиция мен Росгвардия сарбаздары «рұқсат етілмеген акция» кезінде тұрғындарды ұстаған. Полиция қызметкерлері Тверь көшесі бойындағы тротуарлардың бір бөлігін жауып, ол маңды қоршаған.

Ақпарат құралдарының жазуынша, полицейлер журналистерден басқасының бәрін ұстау туралы бұйрық алған. «ОВД-Инфо» дерегі бойынша, ұсталғандардың саны түстен кейін 200-ден асқан.

Azattyq