«ҚДТ чаты» үшін сотталған Абловас Жұмаев түрмеден шықты

0

Бүгін, 29 шілдеде Атырау қаласында УГ-157/9 түзеу мекемесіннен ақтаулық белсенді Абловас Жұмаев мерзімінен бұрын босап шықты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Жұмаевты мекеме қызметкері мен адвокаты Жанара Сүндетқалиева күтіп алып, Атырау-Маңғышылақ бағытындағы пойызға шығарып салды.

«Жоспарлар көп… Дегенмен, алдымен, үйіме жетіп, сағынышымды басып алайын»- деді Абловас Жұмаев.

Ал оның адвокаты Ж.Сүндетқалиева, өз қорғаушысына тағылған айып пен сот үкіммен келіспесе де, оның «мерзімінен бұрын шығуын жеңіспен пара-пар» деп санайтынын айтты.

Белсенді елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының Тelegram чатындағы хабарламалары үшін үш жылға сотталған еді.

11 шілде күні №2 Атырау қалалық соты Абловас Жұмаевтың жаза мерзімінің қалғанын бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы шағымын қанағаттандырған. Сот ол жазасын өтеп жатқан Атыраудағы УГ-157/1 мекемесінде өтті.

Жұмаевтың 39 жастағы әйелі Айгүл Ақбердиеваға да «билікті басып алуға шақырды» және «Қазақстанның конституциялық құрылымын күштеп өзгертпек болды» деген айыптар тағылған. 6 ақпанда Ақтау қалалық сотының судьясы Гүлнәр Байтұрова Қылмыстық кодекстің «Билікті басып алуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру» бабы бойынша айып тағылған Ақбердиеваның ісінде «қылмыстық құрам жоқ» деп тауып, оны ақтаған. Шешіммен келіспеген прокуратура үкімнің күшін жоюды талап еткен. Кейін сот Ақбердиеваның ісін қайта қарау үшін алғашқы инстанцияға жіберген.

Төрт баланың ата-анасы Жұмаев пен Ақбердиева бұл істе саяси астар бар деп санайды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Абловас Жұмаевты саяси тұтқындар қатарына қосқан.

Қазақстанда осыған дейін де ондаған адам «ҚДТ қозғалысын қолдады» деп айыпталып, жазаланған. 2018 жылы наурызда Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған. Ал ұйым жетекшісі, шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың үстінен «тапсырыспен адам өлтірді, ірі көлемде ақша жымқырды» деп қылмыстық іс қозғап, өмір бойы түрме жазасына кескен. Ал Әблязов бұл айыптардың саяси астары бар деп санайды.

Azattyq