Еуразия идеясы – түркі ықпалдастығының негізі
Ал еуразиялық жобаны көздеген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы сол кезде сәнге айналған «өркениетті ажырасуды» емес, интеграциялануды мақсат еткен болатын, сөйтіп Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылған еді. Демек, ол уақытта посткеңестік кеңістікте қандай да болмасын бір итеграцияландыру тетіктері, интеграциялық ахуал болған жоқ және біздің ойымызша, еуразиялық идеяның өзі жабулы қазан күйінде жатқан.
Ал енді осы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру Орталық Азия республикаларына, бұрынғы Одақ мұсылмандарына, тіпті барлық мұсылман әлеміне қарсы «славяндық одақ» туралы тезисті насихаттау үрдісіне ұласты. Сол күндері Ашхабадта Орталық Азия мен Қазақстан мемлекеттері басшыларының кеңесі өтіп жатты. Міне, осы кеңесте Назарбаевқа Орталық Азия аймағында түркілік одақ құруға қажеттілік жоқ екені туралы дәлелдеуге тура келді. Президент сол уақыттағы жағдайды «Ғасыр тоғысында» атты кітабында былай деп жазады: «Мен бұрынғы КСРО аймағында түркілер және славяндар одақтарын құру сценарийіне жол бермеуге бар күшімді салдым. Егер ол кезде мұндайға жол берсек, арада көп жыл өткен соң, біздің қандай кепке тап болатынымызды кім білген?!». Ақыр аяғында Орталық Азия елдері «барлық субъектілерінің мүддесін көздейтін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының теңқұқылы бірлескен құрылтайшылары болуға» шешім қабылдады. ТМД-ны түпкілікті құру түйіні алматылық кездесу болды. Сөйтіп Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылысымен, бұрынғы алып елдің құрама бөліктерін «өркениетті» бөлісу жайы да бекітілді.
Содан КСРО таралуына дөп келген осы бір алмағайып кезеңде, яғни 1994 жылы күтпеген жерден Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде «Еуразиялық одақ» тұжырымдамасын жариялады. Бірақ бұл жұртқа ашық аспан астындағы найзағай жарқылындай әсер етті. Әлем демін тартқандай болды.
Алайда әуелгіде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің саясаткерлері мен ғалымдары тарапынан Назарбаевтың еуразиялық идеясы жеткілікті түрде қолдау таппады. Ресми Мәскеу ешқандай пікір білдірместен, үнсіз қалды. Бірақ сол кезде небір қарсы пікірлер айтылмай да қалмады. Қ.Тоқаев жазғанындай, Нұрсұлтан Назарбаевтың тұжырымдамасына күйе жағушылар да табылды. Олар ресейлік қоғам алдында тұжырымдаманың өңін айналдыра қаралап, Президенттің беделін түсіруге күш салды. Бұл бізге қарсы нағыз жоспарланған, алдын ала әбден ойластырылып ұйымдастырылған ақпараттық науқан екенін түсіндік, дейді ол.
Бірде мен Ресей президентінің көмекшісі болып істейтін Кремль сарапшысымен әңгімелестім. Одан Қазақстан Президентінің тұжырымдамасына Мәскеу неліктен осыншама күмәнмен қарайтынын сұрадым. Сөйтсек, оның сыры саяси қызғанышта жатыр екен. Кремль Нұрсұлтан Назарбаев өзінің еуразиялық идеясымен асығыстық жасаған деп есептепті, өйткені әуелі оны жарияламас бұрын Б.Ельцинмен және оның айналасындағылармен ақылдасуы керек екен. Солай істегенде, дейді әлгі менің әңгімелесушім, еуразиялық тұжырымдаманың бағы жанатын еді, әйтпесе, бәрібір оны ақпараттық қолдауға Қазақстанның мүмкіндігі жетпейді ғой. Әрине, сол кезде оның біздің ақпараттық әлеуетіміздің әлсіздігі туралы айтқанымен келіспеске амал болмады.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытта ешкіммен ашық айтысқа түсіп, пікір таластырған жоқ. Өзінің аймақ бойынша әріптестерімен берік байланысты нығайта берді. Ол Қазақстанда өзге ел басшыларын жылы қабылдап, олармен көптеген кездесу өткізіп, өзі де көршілес мемлекеттерге шақырумен жиі шығып тұрды. «Он бір жыл ішінде мен небір кездесулер мен келіссөздердің куәсі болдым. Олардың арасында өзара хаттамалық-достық шаралар да өтті, бірақ кейде өте терең мәселелер қозғалған ащы да, өткір, қатты сөздер қолданылған келіссөздер де болды», деп жазады Қ.Тоқаев.
Бірде мен өзімнің шағын мұрағаттарымды ақтару үстінде 1998 жылдың қаңтар айында Астана қаласында Н.Назарбаев, И.Кәрімов және А.Ақаевпен бірге өткен кездесудің жазбасын таптым. Бұл кездесу жаңадан тұрғызылған сырты сәнді, іші әдемі президенттік резиденцияда өтті. Соған қарап, осы жайнаған жаңа апартаменттер әсері кездесуді жоғары дипломатиялық күйге бөлеуі керек еді дейміз ғой. Алайда кездесу барысы өте қатаң екпінмен басталды. Оны Өзбекстан президенті болған марқұм Ислам Кәрімов туғызды. Әуелі айтыс өзбек экспорт шарабының Қазақстан аймағында тасымалдануын шектеу жөніндегі біздің үкіметтің қаулысына сай туындады. Одан кейін Өзбекстан президенті Асқар Ақаевты қырғыз-өзбек экономикалық қарым-қатынасы жағдайын жетік білмейді деп кейістік білдірді. Сол кезде шараның төрешісі ретінде араға Н.Назарбаев түсіп, сын өзегін өзіне қаратып, дәлелді деректермен тігісін жатқызып жіберді.
И.Кәрімов мүлде келіспеген Қазақстандағы экономикалық реформаға байланысты туындаған пікірталас та есте қалыпты. Онда Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыс орнатып, шетелдік тікелей инвестицияларды тарту, соған сай салалық реформаларға жағдай жасау керектігін, инфрақұрылым жобаларына алтын-валюта қорын шығындамай, ұлттық валютаның айырбасталымы мен жекешелендіруге қорықпай қадам жасау қажеттігін алға тартты. Пікірталас ұзаққа созылып, өте қатты өтті. Соның салдарынан дәстүрлі салтанатты кешкі ас та бір сағатқа шегерілді.
Бұл кезде Орталық Азия ішінде жалпы интеграциялық шығынға сай ұлттық мүдде басымдылығы қағидаты қатаң сақталды. Алайда ұлттық артықшылықты өзара келісу жүйесі әлсіз яки ол мүлде жұмыс істемегендіктен арада қайшылықтар үнемі туындап отырды. Бұл, мәселен, өмірлік маңызы бар факторлар – жер мен суды бөлісу мен пайдалануда анық көрінді. Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасқа байланысты «тұрақсыздық әлеуеті және оған тамыздық та бар. Және қандай десеңізші! Өзбектер мен қазақтар шекаралас аймақтарда аралас тұрады, бау-бақшаны суғаруда су үшін үнемі дау шығады. Болмашы кетпен ұрысының арты үлкен дауға айналмасына кім кепіл» деп келісім жайын алға тартты. Өйткені этникалық жолақтар әлеуетті пікірталастар туғызады, бұл жағдайда аймақтың бір-бірінің ісіне араласуы да мүмкін. Бұл жөнінде Президент Кәрімов тіптен ашық айтты: «Коммуникация – Өзбекстанның ең осал тұсы. Бізге тек әзірге Солтүстікке ғана шығар жол бар. Құдай сақтасын, бұл жолды тек біреу-міреу жаба көрмесін!» Ал Солтүстік – бұл Қазақстан.
Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық қарым-қатынасына шекаралық мәселелер көлеңкесін түсірмей қоймады. Мәселен, қырғыз-тәжік шекарасы 630 километрге созылып жатыр және Қырғызстанның оңтүстігінде 40 даулы учаскені құрайды. Ал даудың негізі, сарапшылар пікірінше, кезінде КСРО Орталық Азия республикаларының арасындағы шекараны бөлгенде, алдымен экономикалық тиімділікті ескеріп, тек сосын ғана этникалық және ұлттық факторларды қаперге алып атүсті белгілеуінің салдары көрінеді.
Шекараны межелеу мәселесі бойынша өзбек-қырғыз келіссөзі өте күрделі және қарама-қайшылыққа толы болды. Бүгінде енді екі туысқан халықтың бақытына орай Өзбекстанның жаңа Президенті Ш.Мирзиёев бұл мәселелерді шешуде қисынды да, сындарлы бағыт ұстанып отыр.
Соңғы жылдары Еуразиялық идеяның өміршеңдігі өмірдің өзімен, саяси тәжірибемен дәлелденіп келеді. Еуразиялық интеграцияның маңызды бір өлшемі ретінде Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы құрылып, Біртұтас экономикалық кеңістік келісіміне қол қойылғандығын айтуға болады. Бұлар қазіргі кезде нақты жүзеге асырылған бар дүниелер, болашақтың жарқын үлгілері, олар іс жүзінде болашақ Еуразиялық одақтың негізін құрап отыр. Бұл Одақты құру барысында ТМД елдерінің жоғары дәрежелі саяси қайраткерлерінің де еңбегі бар екені жасырын емес, әйтсе де ғалымдар Н.Назарбаевтың салған жолы барлық жерден айқын байқалатынын айтады. Оның бұл тынымсыз интеграциялық ұстанымы біздің туысқан елдердің күшін – бейбітшілік, қауіпсіздік, экономикалық өрлеу, діни және мәдени бірігу секілді біртұтас достық алаңды құруға жинақтайды. Өйткені интеграциялық процестерге талдау жасау барысы бұл салада Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі зор екенін көрсетеді. Еуразиялық құрылыстың ұшар басында оның жігері, шеберлігі, өзіне тән жолы айқын байқалады, оны өзгемен шатыстыру мүмкін емес.
Қазақстан Республикасы алдымен Кедендік одақтың, сосын 2012 жылдың қаңтарында тұсауы кесілген Біртұтас экономикалық кеңістіктің толыққанды жұмыс істеуіне барынша күш салды. Ақпан айында Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысына кірісті. Мұндағы Нұрсұлтан Назарбаевтың темірдей ұстанымы тараптардың «бір ел – бір дауыс» қағидаты мен бір деңгейде пәтуаға келуі бойынша тең өкілдік ету міндеті.
Сөйтіп уақыттың өзі көрсеткендей, еуразиялық тұжырымдама қазіргі таңдағы қоғамдық сананың аса қажет ететін және тиімді бағытын тап басып отыр. Қазақстан Президентінің жүйелі де дәйекті күш-жігері арқасында «еуразиялық нақтылық» Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің дамуының іргетасын қалап, еуразиялық интеграцияның одан әрі жаңа даму мүмкіндіктерін қалыптастыруда.
Тәуелсіздік жылдарында егеменді Қазақстан әлемге жаһандық қауымдастықтың әлдеқайда үйлесімді де әділ дамуының ойластырылған шешімдерін бірнеше рет ұсынды. Соның бірі, мәселен, 2012 жылы негізделген G-GLOBAL жобасы.
Жобаның алғашқы қағидаттары 2012 жылдың 23 мамырында өткен V Астана экономикалық форумында жарияланды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем іскерлерінің алдына шығып сөйлеген сөзінде, әділ әлемдік құрылым негіздерін жіктеп берді. Бірінші – «эволюция, төңкеріс емес». Адамзат өткен ғасырда-ақ, саяси революция шегін тауысқан. Сондықтан реформа жолы – бұл ХХІ ғасырдағы жалғыз жол. Екінші – «әділдік, теңдік және келісім». ХХІ ғасырда елдерді ұлы және екінші, көшбастаушы және жетекші деп бөлу ескірген. Мемлекеттердің теңдігіне негізделген әлемдік әділ саясат пен экономика қажет. Үшінші – «жаһандық төзімділік пен сенімділік». Мемлекеттер арасындағы байланыс геосаяси салмаққа қарамастан төзімділікке негізделген болуға тиіс. Төртінші – «жаһандық транспаренттілік». Әлем G-GLOBAL – бұл ашық қоғам, онда ешқандай қосарланған қалыптар болуы тиіс емес. Бесінші – «сындарлы көпполярлылық». Міне, осы жанжалдан кейінгі көпполярлылық жаһандық шақыртуларды еңсеруге мүмкіндік беріп, ХХІ ғасырда адамзаттың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Бұған сенім мол.
Жумагул СААДАНБЕКОВ,
саяси ғылымдар докторы, қоғам қайраткері (Қырғызстан)