Қазақстандықтардың зейнетақы активтері қайда инвестицияланған?

0

Қазақстандықтардың зейнетақы активтері қайда инвестицияланған?

2018 жылғы 1 қарашадағы есепке сәйкес, БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің көлемі 9 051,9 миллиард теңге болған. Оның ішінде теңгемен номиналданған қаржы бірліктері 6 248,7 миллиард теңгені құраған. Ол жалпы қордың 69 %-ын құрайды. Сондай-ақ шетел валютасында номиналданған қаржы бірліктері 2 803,2 миллиард теңгені немесе 31%-ды құрады.

2018 жылы қазанда теңгемен номиналданған зейнетақы активтерінің инвестиция көлемі – 42,2 млрд теңге (ақша нарығының құралдарына жасалған инвестицияларды есепке алмағанда). Соның ішінде жылдық 9,3 кірістілігі бар 10,0 миллиард теңге сомаға «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ облигациялары; жылдық 9,5 кірістілігі бар 5 миллиард теңге сомаға Еуразиялық даму банкінің облигациялары; экономиканы қолдау үшін ҚР екінші деңгейдегі банктерін қаржыландыру жөнінде жарияланған бағдарлама аясында жылдық 11,9 орташа сараланған кірістілігі бар жалпы сомасы 27,2 миллиад теңгеге екінші деңгейдегі банктердің облигациялары сатып алынды.

2018 жылы қазанда шетел валютасында номиналданған зейнетақы активтерінің инвестициясының көлемі 131,3 миллиард теңге болды. Оның ішінде жылдық 2,3 кірістілігі бар 74,7 миллиард теңге сомаға АҚШ-тың қысқа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздары; жылдық 4,2 орташа кірісі бар 12,7 млрд теңге сомаға АҚШ долларында номиналданған Перудің мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынды; жылдық 3,8 кірісі бар 1,5 миллиард теңгеге АҚШ долларында номиналданған Филиппиннің мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынды.

Одан бөлек, жылдық 4,1 орташа алынған кірісі бар жалпы сомасы 28,5 миллиард теңгеге доллармен номиналданған Қытайдың квазимемлекеттік секторы эмитенттерінің облигациялары; жылдық 4,5 орташа алынған кірістілігі бар жалпы сомасы 13,9 миллиард теңгеге АҚШ долларында номиналданған Чилидің квазимемлекеттік секторы эмитенттерінің облигациялары сатып алынды. Инвестициялық қызметтің нәтижелері болса, 2018 жылғы 10 айда есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 765,3 миллиард теңгені құрады.