«Есін жиған соң, жылады»: Қарағанды даласында жоғалған жеткіншек табылды

0

Екі күн қырда жүрген қарағандылық жасөспірім табылды. Жеткіншекті полиция қызметкері тауып алған.

6 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне 14 ақпанда қыстақтардың бірінен 16 жастағы жасөспірімнің шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлама түскен. Аталған ақпарат түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының толық кешенін ұйымдастырып, барлық күштер мен құралдарды баланы іздеуге жұмылдырды. Баланың ата-анасымен сөйлескен полицейлер олардың баланы екі күн бойы өз күштерімен іздегенін, алайда іздеу шаралары нәтиже бермегенін анықтады.

Полицейлер бірнеше топқа бөлініп, екі күннен бері хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімді іздеуге кіріскен. Іздеу шараларына Жаңаарқа ауданы Бидайық кентінің учаскелік полиция инспекторы Жубаныш Жунусбеков те жұмылдырылған. Учаскелік полиция инспекторы тұратын ауыл бала жоғалған Ақтау ауылынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Учаскелік полицей іздеуге үш топтың автокөліктермен аттанғанын, ал ол өзінің серігі Жаңаарқа ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторының қызметкері Ками Ускенбаев екеуінің атпен шыққандарын жеткізді.

«Ол жерлер тау-тасты болғандықтан аттармен іздеу оңайырақ болды. Біз баланың ата-анасының үйінде болғанда олардың қаншалықты үміттерін үзгенін көрдік, олар тану үшін баланың киімінің қалдығын немесе мәйітін табуды сұрады. Далалықта қасқырлар бар, ал жасөспірім бала екі күннен бері жалғыз, оны тірідей табу ғажайыпқа тең еді. Іздеу жұмыстары таңда басталды. Кейбір жерлерде аяқ киім іздері кездесті, бірақ іздеу жұмыстары бізге дейін де жүргізілгендіктен, бұл ауыл тұрғындарының іздері болуы әбден мүмкін еді. Сондай-ақ жоғалған бала камуфляжды киім кигендіктен, бұл іздеу жұмыстарын одан әрі күрделендірді», – дейді Ж.Жунусбеков.