Есектің сүтін емдік мақсатта ішуге бола ма?
Діни басқарма маманы есектің сүтіне қатысты сұраққа шариғи тұрғыдан жауап берді.
Шариғатымызда есек етін жеуге тыйым салынған. Бұған байланысты көптеген хадистер келген, деп жазды Мүфтият сайты.
Жәбірден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен риуаятта былай делінеді: «Хайбарды алған күні Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үй есегінің етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат етті». Тағы бір хадис шәрифте сахаба Абдулла бин Омар (Алла ол кісіден разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хайбар күні үй есегінің етін жеуден тыйған еді», – дейді.
Ал есектің сүті – ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Фәтху әл-Қадир атты кітапта заһир риуаят бойынша есектің сүті нәжіс екені, сондай-ақ, Айну әл-Әиммәнің: «Дұрысы есектің сүті ауыр нәжіс саналады. Өткені ол ижмәғ бойынша харам етілген», – деген сөзі келтірілген.
Демек есектің еті де, сүті де – харам әрі нәжіс. Бұларды жеуге де, ішуге де болмайды.
Енді есектің сүтімен емделуге келсек, Ибн ән-Нужайм әл-Ханафи: «Ғалымдарымыз харам нәрселермен емделу үкіміне қатысты бір шешімге келіспеген. Алайда «әз-Захира» кітабында: «Харамнан басқа еш ем табылмаса және оның құрамында шипаның барлығы нақты болса, онымен емделуге рұқсат», – дейді. Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағаланың харам еткен нәрселерінде сендерге шипа жоқ» деген хадисі құрамында шипа болмаған нәрселерді ғана көздейді. Егер оның құрамында шипа барлығы анықталса әрі оның орнын басатын басқа дәрі табылмаса қолданудың зияны жоқ.
Сондықтан әділ әрі сенімді мұсылман дәрігер аурудың жалғыз емі – есектің сүтін ішу және оның еш зияны жоқ деген қорытынды жасаған жағдайда әрі оған тең келетін халал дәрі табылмаса, онда оны емдік мақсатта қолданудың оқасы жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін желі қолданушылары арасында «Таразда есек байлап сүтін сатып отырған ферма бар» деген сыбыс тараған еді. Алайда Жамбыл облысы аумақтық ветеринариялық инспекциясының басшысы мұны жоққа шығарған.