Ермек Тұрсынов: Біздің Конституция ауыл дүкенінің қарыз дәптері сияқты

0
1291

Nege.kz порталы белгілі қоғам қайраткері, режиссер Ермек Тұрсыновпен өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынады. Бұған дейін қоғамдық мәселеге белсене араласып келген режиссер соңғы уақытта неге тасада жүр? Ол елдегі өзгерістер туралы не дейді?

«Базарымыз – өзбектерде, асханамыз – түріктерде, Байқоңыр – орыстарда, мұнайымыз – қытайларда…»

– Ермек Кәрімжанұлы, 2019 жылы Президент Тоқаев құрған «Ұлттық кеңестің» мүшесі болдыңыз. Бірақ 1,5 жылдан кейін кеңес құрамынан шығатыныңызды мәлімдедіңіз. Неліктен?

– Алғашында Президенттің өзі шақырған соң, мәдениет пен кино саласындағы былықтарды Тоқаевтың өзіне айтайын деп бардым. Айттым да. Бірақ нәтиже болмады. Сол құрылтай бар ма өзі? Айдос Сарым дегендер ғана қалған шығар ол кеңестің құрамында.

Ал мен көп өтіріктің ішінде массовка жасап жүргім келмеді. Режиссер болғандықтан, массовканы қай кезде пайдаланатынын жақсы білемін.

Сондықтан, орындалмайтын құр айқайға қатысқым келмейді. Мен қазір өзің сияқты журналистерге де сұхбат беруді қойдым. Айтасың-айтасың одан не пайда? Құлаққа іліп жатқан бір адам жоқ.

– Бірнеше күннен бері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген мәртебе беріп, оны Конституцияға енгізу мәселесі қызу талқыға түсіп жатыр. Бұған не дейсіз?

– Бұл енді тап-таза ақымақтық. Біздің Конституция ауыл дүкенінің қарыз дәптері сияқты. Ай сайын, ай сайын емес-ау апта сайын шимайлай береді. Сырттан көргендер бізге қарап күлетін шығар.

Назарбаев отыз жыл ел басқарды. Халық үшін түк те бітіре алмады. Оның отбасы Қазақстанды тонамағанда біз Әмірліктердегідей өмір сүретін едік. Менің киноларымның барлығы ауылдарда, шалғай қыстақтарда түсірілген. Халықтың тұрмысына қарап, қарның ашады, өте аянышты.

Жақында орташа айлық 280 000 теңге дегенді оқыдым. Масқара ғой, алыс ауылдарда бір үзім нанға зар болып отырған қаншама халық бар. Еріксізден біреудің қойын бағып жүр. Осы ма біздің дамыған елу елдің қатарына кіргеніміз?!

Базарымыз – өзбектерде, асханамыз – түріктерде, Байқоңыр – орыстарда, мұнайымыз – қытайларда. Біздің сорлы қазаққа не қалды сонда?!

Енді Назарбаевты ұлықтап Конституцияға есімін енгізу – масқара тірлік! Тарих пен уақыт бәрін өзі реттейді. Кімнің саясаты дұрыс болғанын алдағы уақытта біле жатармыз.

«Көшеге шыққандарды қамады, оппозиция лидерлерін атты»

– Қаңтар бүлігінен кейін бұрынғы президентке қоғамның көзқарасы күрт өзгерген сияқты…

– Жоқ. Бұрынғы президентке халықтың көзқарасы 2000-жылдардан бастап дұрыс болмады. Тек айтуға қорықты. Көшеге шыққандарды қамады, оппозиция лидерлерін атты. Өздері қолдан өтірік оппозиция жасады, елді алдарқатып қойды. Біздің халық жуас қой, көніп жүре берді. Енді қазіргі биліктің өзі Назарбаев әулеті мүшелерін шетінен қамап жатқан соң, халық та ашық айта бастады.

А.Сәрсенбайұлы мен З.Нұрқаділов.

Назарбаевтың еңбегін түбегейлі жоққа шығаруға да болмайды. Бірақ оның отбасы халықты ашықтан-ашық тонап, елдің ашуына тиді. Көріп, естіп жатырмыз, бір ғана інісінің өзі бүкіл Алматының кәсіпорындарын иеленіп алыпты. Оған бұл байлық қайдан келді?!

– «50 млрд берсе де, Назарбаев туралы кино түсірмеймін» депсіз бір сұхбатыңызда.  Ал қазіргі президент туралы кино түсірер ме едіңіз?

– Бұрынғы президент туралы кино тұрмақ, сериал түсірді ғой. Одан не өзгерді? Халық ол киноларды да, сериалдарды да ұмытып кетті. Мен тапсырыспен ешқашан кино түсірмеймін!

Тоқаевқа келетін болсақ, ол – интеллигент тұлға. Бірнеше тіл біледі, кәсіби дипломат, білімді. Бірақ, мінезі өте жұмсақ.

Ал президентте харизма болуы керек. Біздің қазіргі басшы Мұстафа Өзтүрік сияқты мінезді болса екен дейсің. Сонда ешқандай кланның өкілдері оны басына алмайды.

Бұрын да айтқанмын. Тоқаевтың командасы әлі жасақталмаған. Сенетін адамдары да аз сияқты. Билікті енді қолына алды, біраз уақыт беру керек шығар. Жан-жағынан  анаталай бермейік.

«Қисық аяққа қызыл кебіс не керек?»

– Сіздің шоқтығы биік туындыларыңыздың бірі – «Шал» фильмі. Фильм бірнеше әлемдік фистивальда топ жарды. Ол фильмнің де жарыққа шықанына он жылға жуықтады. Көптің есінде қалатын келесі шедевріңізді қашан көреміз?

– Мен биыл «Бесмойнақ» деген кино түсірдім. Оның шедевр болатынын, я болмайтынын халық шешер. Бірнеше жыл бұрын Бейбарыс туралы кітап жаздым. Студент кезімнен мәмүліктерді зерттедім. Енді сол туралы кино түсіргім келеді.

Бұрын Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болған кезінде 8 млн доллар бермекші болған, «Мәмлүктерді» түсіру үшін. Бірақ мен оны аз санадым. Жақсы кино ешқашан аз қаржыға түсірілмейді.

Мен ешқашан ақшаның артынан қуған адам емеспін. Әйтпесе, басқалар сияқты коммерциялық қырт-сырт фильмдерді түсіре беретін едім.

– Сатаев пен Әбдірәшевті жиі сынайсыз. «Илегендеріңіз бір терінің пұшпағы» ғой, сіздікі қызғаныш емес пе?

– Қызғанбаймын, жаным ашиды. Себебі олар не істеп жүргендерін білмейді. Қазақта «Жан бағу оңай, жанның рахатын табу қиын» деген сөз бар. Сатаев та, Әбірәшев те – жан бағып жүрген адамдар. Менің жасым біршама үлкен болған соң ақыл ретінде айтамын.

Өзің сияқты журналистер де осы сұрақты жиі қояды. Кино өнерін бизнеске айналдырып жібермесе екен деген ой ғой менікі.

– Мәдениетке қосқан үлесіңіз аз емес, егер сізге депутаттық мандат ұсынса, барар ма едіңіз?

– «Қисық аяққа қызыл кебіс не керек?» деген сөз бар.  Маған депутаттық жараспайды, мен саясаткер емеспін. Мен – ойымдағыны ашық айтатын адаммын. Ол жақта өтірікті жиі айту керек болады. Ал маған ол ұнамайды.