Ерланби Дәулетияр: Шенеунік болу ойымда жоқ – Қазақстан жаңалықтары

0

КТК арнасының жаңалықтар жүргізушісі, танымал диктор Ерланби Дәулетияр негізгі  мамандығы экономист болғанмен, жүрек қалауы осы журналистика саласына түскен. Өнер адамдарының ортасында өскен ол  жүргізушіліктен бөлек ән жазып, ән айтатын қабілеті бар екенін Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Ерланби Дәулетияр: Шенеунік болу ойымда жоқ

Журналистиканы оқып білмей-ақ бірден телевизия саласына келуге не себеп?

Экономика және құқық академиясын сырттай бітіргем. Оқып жүріп тележүргізуші болып жұмыс істедім. Адамды орта қалыптастырады деген рас. Ағам –  өнер адамы. Соның арқасында көптеген өнер жұлдыздарымен бірге болдық. Сол ортада жүріп өнерге жақын болып өстік. Өнер, тіл, бәрі бір-бірімен ұштасып жатқан дүние ғой. Тіл білімі саласына қызықтық.  Осылай телевизияда өз жұмысымызды бастап кеттік. Алғаш сол Петропавлда жүргенде кастинг болған. Соған қатысып, іріктеуден өтіп, телевидение саласындағы өмірім басталып кетті. 

Өзіңізді нағыз журналист деп санайсыз ба?

Өзімді осы күнге дейін журналистпін деп атай алмаймын.Телевидениеде өткен ғұмырдың басым бөлігі тек жүргізушілік диктор ретінде ғана. Арасында  репортаж жасап, съемкаларға қатысқанмын. Алайда өзімді журналист ретінде сезінбеймін.

Журналистика саласына бұл мамандықты бітірмегендер келіп жатыр. Бұл журналистиканың арнайы оқуды қажет етпейтіндігенен бе әлде журналистика «планкасының» төмендігінен ба?

Әнші, әртіс болсын журналистік зерттеу жүргізіп жатқан жоқ қой.  Әнші әртістер жүргізе алса, қабілеті жетіп жатса, неге істемеске? Бес жыл оқуын оқып, жұмысқа тұра алмай жатқан мамандар көп.  

Ерланби Дәулетияр: Шенеунік болу ойымда жоқ

Ютубта өз каналыңызды ашып, видео жариялай бастадыңыз. Мақсат не? Идея кайдан келді? Қай бағытта, форматта болады? Кім қаржыландырады?

Қазір тележүргізушіліктен бөлек «Бизнес фм» әуе толқынында істеп жатырмын. Ол жерде кәсіпкерлерді шақырып сұхбаттасамыз. Кәсіпкерлік, тұлғалық дамуға деген қазақ тілді контент аз.

Қуаныш Шоңбай, Аманжол Рысмендиев сынды спикерлерге адам көп барады. Өйткені, қазақ тілін жақын тартып тұрады. Олар да белгілі бір деңгейде кәсіп ашып, ендігі сол кәсіпте көргендерін сұрыптап, нәрін ғана алып, дайынын халыққа беріп отыр. Сондықтан олардың аудиториясы кең. Қай қалаға барса да адам мыңдап жиналады. Бұл дегеніміз сұраныстың көптігі. 

Сол сұраныстың ең құрмағанда, 5 пайызын қанағаттандырайық деген мақсат. Қалыптасқан, өз жолын тапқан кәсіпкерлерді шақырып тілдесеміз. Осы кісілердің өмірлік тәжірибелерінің арқасында халыққа кәсіпкерлік сіз ойлағандай қиын дүние емес екенін жеткізу. Оларға барлық дүние қателіксіз келмейтінін айту.

Мен видео жасап түсіріп көрсеткен шетелдік мекемелерде қандай артықшылықтар бар екенін көрсеткім келді. Бізде бір проект ашылатын болса, зерттемей аша салады. Сол біздің басты қателігіміз. Шетелдік бұл мекемелер ашылмас бұрын бір жыл көлемінде қала тұрғындарына не керек екенін жіті бақылаған. Және олардың сервисі өте жоғары.

Халық талап етпеген соң біздегі сервис ақсап тұр. Бізге үлгі болсын деп түсірген едім. Ал Сеулдегі түсірілім медицина саласына байланысты. Ол жақта дәрігерлік қателік деген ұғым жоқ. Соншалық дамып кеткен. Біздегідей айқай-шу мен ұзын-сонар  кезек жоқ. Осындай олқылықтарды жөндеуіміз керек. Техниканы да жақсы меңгерген. Ал бізде быт-шыт болып жатады ғой.

Бұл жерде салыстыру емес. Халық айтпаса да ненің не екенін біледі. Тек сондай өркениеттің бар екенін көрсеткім келді. Тағы екі-үш мемлектті аралау ойда бар. Жапония, Грузия сынды дамыған елдерге бару керекпіз. 

Әрине команданы, техниканы жалғыз өзіңе қаржы жағынан тасып жүру оңай емес. Көмектесетіндер бар. Кореяда клиникалар көмектесті 


Ерланби Дәулетияр: Шенеунік болу ойымда жоқ

Дикторлықтан бөлек өзіңізді қай саладан көріп қалуымыз мүмкін?

Саясатқа, билікке мүлде араласқым жоқ. Ұсыныстар болды, бірақ мемлекеттік жұмысқа бару ойымда жоқ. Мемлекеттік жұмысты істеп көргенмін, ұнамайды. Сол үшін іргемді аулақ ұстаймын. Мемлекеттік жұмыстың интригасы көп. Біздің телевидениеде өз жұмысыңды істедің, болды. Еркіндік. Ал мемлекеттік жұмыста ақшамен тікелей жұмыс болатындықтан, жауапкершілігі көп. Біздеге жүйенің қандай екенін өздеріңізге аян. 

Әріптестеріңіз Алексей Шахматов пен Дина Төлепберген сияқты түрлі бағдарламалар жүргізу ойда бар ма? Әлде басшылық ұсыныс жасамай ма?

Ұсыныстар болды, бірақ ток-шоуларға емес. Басқа арналар да шоу бағдарламаларды тізгіндеуге шақырды. Маған шоуды жүргізіудің түк те қиындығы жоқ. Өнер адамдарының арасында өскен соң, барынша жан- жақты болып өстік. «Гүлдер» ансамбілінде директордың орынбасары болып та істедім. Басқа образға кіру қиындық тудырмайды. 

Өзіңіз ұлгі тұтатын тележүргізушілер?

Досымбек Өтеғалиевті, Дана Нұржігітті, Ләззат Танысбай, Айдос Үкібай сынды майталмандарға қарап өстік. Ерекше ұнайды. Еліктеп өстік. Дана Нұржігітітің сөйлеу мәнері мен ақпаратты бере алауы қатты ұнайды. 

Әдетте біздің елде тележүргізушінің ғұмыры ұзақ болмайды, телевизиядан кетуге қорқасыз ба?

Жоқ одан түк қорықпаймын. Ол, әсіресе, қыз балаларға өте ауыр тиеді. Өздерін керек емес болып қалғандай сезінеді. Ал бізде ондай бір нәрсеге қатып қалу деген жоқ. Бұған дейін де мейрамхана кәсібімен айналысқанмын. Сондай кәсіппен айналысып кетуім мүмкін.

Ерланби Дәулетияр: Шенеунік болу ойымда жоқ

Әншілік және сазгерлік қырыңызды байқап қалдық. «Қызылжарым» деген әніңіз бар. Әнші болып кету ойда жоқ па?

Дикторлыққа дауыс қою үшін бір жылдай вокалмен айналысқанмын. Хорда да өлең айттық. Жазған әнім де бар «Қызылжарым» деген. Ержан Қабдуллин, Ерке Есмахан үшеуміз бір топ болып жүріп ән айтып жүргенбіз. Тойға да шықтық. Алматыға келген соң топ құрдық, бірақ ол ұзаққа бармады.

«Қызылжарым» әнінің шығу тарихы да бар. Бір кездері Петропавл қаласын Қызылжар деп атаймыз дегенде халық арасынан пікір алынды. Бірақ ол жерде басым көпшілігі орыстілді, орыстанып кеткен қазақ болғандықтан, қарсы болып, қабылдамады. Былайша айтқанда, орыстың жері дегенге келтірді. Бұл жердің халқы кімнің жері екенін білмейді екен, осыны қалай елге жеткізсек болады деген ой келді. Кімнің жері екенін әңгімемен жеткізе алмаймыз. Әнмен жеткізейік онда деп шештік. Сол кезде таныс ақын ағамның «Қызылжарым» деген үш беттік өлеңі бар екен. Содан қазақтың рухын оятатын, қазақтың жері екенін сипаттайтын жерлерін қиып алып ән жаздым. Өте астарлы өлең.

Ел алдында жүрген соң көшілік отбасыңыз туралы білгісі келеді…

Отбасымызда үш балам бар. Әйелім қазіргі таңда бала тәрбисімен үйде отыр. 

 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз