Ерлан Қошанов мәлімдемесі: Назарбаевтан Елбасы мәртебесі қашан алынады?

0
731

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Нұрсұлтан Назарбаевтан Елбасы мәртебесін алып тастау үшін қажет заңдардың жыл соңына дейін қабылданатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжілістің пленарлық отырысынан кейін Қошанов референдумда қабылданған өзгерістер, соның ішінде Тұңғыш президент мәртебесіне қатысты өзгерістің қашан енгізілетінін айтты. 

«Біз мұны күзден бастап қараймыз. Жыл соңына дейін қабылдануы керек. Президент алдымызға осындай міндет қойды», — деді Қошанов. 

Сонымен қатар ол Әділет министрлігінде Конституцияға және өзге де заңдарға өзгеріс енгізу бойынша жұмыс тобы құрылғанын айтты. Қошановтың сөзінше, қазір өзгерістер бойынша Әділет министрлігі жұмыс істеп жатыр, ал құжаттар әлі Мәжіліске түспеген.