Ерлан Қарин: «Референдум – Президенттің саяси реформалар бағдарламасын іске асырудың кезекті бөлігі»

0

Бүгін Президент ел Конституциясына түзетулер жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұл Мемлекет басшысы қабылдаған саяси мәні ерекше маңызды шешім.
Конституциялық реформа жөніндегі референдум – Президенттің саяси реформалар бағдарламасын іске асырудың кезекті бөлігі. Бағдарлама жүйелі түрде іске асады және ол суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуді, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтуді, халықтың мемлекетті басқару ісіне араласуын арттыруды, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейтуді көздейді.
Бұл реформаларға қоғам мен сарапшылардың сұраныстары мен ұсыныстары негіз болғандықтан, Президенттің оны референдум арқылы жүзеге асыру туралы бастама көтеруі қисынды.
Еліміздегі бұл референдумның ерекшелігі, Президент өз өкілеттілігін кеңейтетін емес, қайта оның бір бөлігін басқа билік институттарына бөліп беретін конституциялық реформаға бастамашы болып отыр.
Осылайша, алдағы конституциялық реформа жөніндегі референдум мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа, неғұрлым тиімді және оңтайлы моделіне құрылған Екінші Республиканың құқықтық негізін қалайды.