Еркіндік сыйлаған ұлы таң | «Айқын» газеті
Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» заңды қабылдаған тарихи күн әрбір Қазақстан азаматының есінде. Содан бері мінеки, жиырма жеті жыл өтті.
Бұл күнді еліміздің ең басты мерекесі деп санаймын. Мемлекет басшысы атап өткендей Тәуелсіздік – миллиондардың қанатты үміті және орындалған ғасырлық арманы. Расында да, бұл – қарапайым мереке емес, бұл – ата-бабамыздың арманы орындалған, елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн. Қазіргі таңда Қазақстан – тұрақты экономикасы мен әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылу және адамдардың өмір сапасын әлемдік стандарт деңгейінде қамтамасыз ету секілді болашаққа өр жоспарлары бар егеменді, тәуелсіз әрі демократиялық мемлекет. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев шын мәнінде дана адам, шебер саясаткер, стратег әрі нағыз патриот, еліміздің тұрақтылығы пен өркендеуінің кепілі. Тәуелсіздік жылдары экономика жүйесі түбегейлі өзгеріп, Қазақстан ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында шетелдік инвестицияларды тарту бойынша көшбасшы мемлекетке айналды. Біз көптеген жұмыстарды атқардық: тұғыры берік мемлекет пен ең серпінді экономика құрдық, адамдардың өмір деңгейін жақсарттық және жаңа керемет елордамыз Астананы салдық, ол қысқа мерзім ішінде теңдессіз, қазіргі заманғы мегаполиске айналып, Қазақстан күш-қуатының нышаны болып тұр. Сонымен қатар Қазақстан үшін тарихи маңызы бар ЕҚЫҰ саммиті, EXPO – 2017 сияқты іс-шараларды өткіздік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық қазақстандықты еліміздің бірден-бір ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Бұл мереке, шын мәнінде, халқымыздың еркіндігі мен қуатының символы. Осындай айтулы күні сіздерге зор денсаулық, бастарыңызға амандық және тұрақтылық тілеймін! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім болғай!
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Мәжіліс депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі
Дереккөз: Айқын