Ердоған Қазақстанға келеді: мемлекеттік сапардың мән-жайы айтылды
Сыртқы істер министрлігі өкілі Түркия президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы айтып берді, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған 12-13 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
«Сапар аясында 12 қазанда екі мемлекет басшыларының екіжақты кездесуі, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысы өтеді.
Келіссөздер барысында өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, тараптар екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды», — делінген хабарламада.
Түркия Республикасының басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне де қатысатыны айтылды.