Ұлытау облысында Қазақстанды жаяу аралаған саяхатшыға пәтер берілді

0

Бүгін Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында Қазақстанды жаяу аралаған саяхатшы Сәрсенбай Қотырашевқа құрмет көрсетілді деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Облыстық тарихи-археологиялық музейде өткен іс-шараға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Нұрахмет Нуриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты.
Ұлықтау рәсімінде Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали саяхатшыны сапарының сәтті аяқталуымен құттықтап, облыс әкімдігі атынан сый-сыяпат жасады.
Саяхатшыны «Қазақмыс» компаниялар тобы атынан құттықтаған «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Нұрахмет Нуриев Жезқазған қаласындағы жиһазбен жабдықталған екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті.

-Алты ай уақыт ішінде Сәрсенбай ата еліміздің барлық қалаларын жаяу аралап өтіп, өзінің ерік күшімен жастарға зор үлгі көрсетті. Сізді компания басшылығы атынан сапарыңыздың сәтті аяқталуымен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ өмір, сарқылмас күш-қуат тілеймін, — деді Нұрахмет Нуриев өзінің құттықтау сөзінде.
Салтанатты іс-шарада саяхатшы Сәрсенбай Қотырашев, облыстық мәслихат депутаты Бақтияр Қожахметов, Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар компания басшылығына алғыс білдірді.