Ербол Қарашөкеев: Қант тапшылығы болмайды, алаңдауға негіз жоқ

0

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елде қант тапшылығы болмайтынына сендірді, деп хабарлайды KZNEWS.KZ сайты stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, қазіргі таңда елде 90 мың тонна қант қоры бар. Тұрақтандыру қорларында, сауда орындарында, қоймаларда – 38,2 мың тонна. Зауыттарда 20 мың тонна дайын қант, сондай-ақ 20 мың тонна ақ шикі қант бар, ол қазір өңделіп жатыр.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясын алсақ, 2,5 мың тонна қант бар. Осы қантты өңірлерге бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстанның 31 тамызға дейін 250 мың тонна ақ қант пен шикі қантты бажсыз әкелу құқығы бар. Квоталар қазір бөлініп жатыр. Сыртқы нарықтағы сауда қызметіндегі қатысушылар қантты әкелу жұмыстарын бастап кетті. Жақын арада алып келеді», — деді министр үкімет отырысында.

Қарашөкеев алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті.

«Бізде Қажетті көлемде қант бар. Тапшылық болмайды», — деді ол.