Ер-тоқымды сәндеуде алдына жан салмаған халық

0

Ер-тоқым – аттың арқасына салып, салт мініп жүруге арналған жабдық. Кейде жай “ер” деп те атайды. Ерді аттың үстіне салып қос айылы (тартпа) арқылы бекемдейді. Ер-тоқым атқа да аса ыңғайлы, ерге отырған адам да өзін еркін ұстайды.

ертоқым, ат әбзел, тұрман
Фото: Baribar.kz

Қазіргі қазақ даласын мекен еткен адамдар алғаш рет жылқы малын осыдан бес мың жыл бұрын қолға үйретіп, мініс және көлік ретінде пайдаланды. Әрине, алғашқы кезде атқа салатын ер-тоқымның болмағаны – шындық. Бірақ б.з.д. V-IV ғасырларда гүлденген Ботай мәдениеті тұсында ат арқасын жауыр қылмас үшін адамдардың түрлі төсеніш салғаны анық. Міне, сол төсеніштер бертін келе ер-тоқымның шығуына себебші болды. Ал мұнан кейін ер-тұрман, ат әбзелдері өз кезегімен өмірге келіп жатты.

ер, ертоқым, өмілдірік
Фото: Baribar.kz

Қазақ ер-тоқымды таза ағаштан шауып жасайды. Ер-тоқымның құрамына терлік, киізтоқым, қайыстан өрілген айыл-тартпа, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік және қанжыға кіреді. Осының бәрі ағаштан ойылып жасалған қаңқаны толықтырып, ер-тоқым атауына ие болады.

Терлік – аттың арқасына жабатын, көлемі ерден үлкен болып келетін киіз жабынтақ. Бұл көбіне жаман-жәутік бақташылар мінетін атқа салынады. Терлік аттың арқасынан шыққан терді сорып тұруы үшін дайындалады.

Тоқым – терліктен үлкен, бірақ қалыңдау етіліп ердің екі қапталына дәл келетін киіз. Aттың арқасына ағаш ердің батып, ат арқасын жауыр қылмауы үшін төселеді. Сосын ердің екі қапталы немесе жағы орнықты болып жайғасып тұратын желдік салынады. Бұлардың үстіне ағаш ер қойылады. Ағаш ердің үстіне көрпеше не жастықша төселеді. Бұл адамға ыңғайлы болуы үшін жасалады.

Айыл ат үстіне салынған ерді жылжып кетуден сақтайды. Айыл қайыстан жалпақ етіп өріледі не тілінеді. Айыл негізінен екеу болады. Біріншісі – төс айыл, екіншісі – шап айыл. Kейде ер-тоқым аттың алдына кетіп қалмауы үшін шап айыл тарпай-ақ, оның орнына құйысқан (арнайы көн теріден қиылып, аттың құйрығының астынан іліп алып, ерге тартып қоятын зат) кигізіп жүрген. Айыл кей жағдайда ердің үстінен бастырылып тартылса, енді бірде ердің екі қасынан бастырыла тартылады.

үзеңгі, ертоқым
Фото: Baribar.kz

Үзеңгі атқа мінгенге аса ыңғайлы. Адам ат үстінде отырғанда екі аяғы салаңдап, талып қалмауы үшін екі аяғын үзеңгіге тіреп отырады. Үзеңгі теуіп отырған адам ат үстінде мығым болады.

Ер-тоқымды қазақтар мен түркілерден бөлек, көптеген өзге ұлт өкілі де пайдаланады. Еуропа елдерінің ішінде ер-тұрманды жасап, атқа салған халықтың бірі деп ғалымдар гректерді де айтады. Ал еуропалықтарда нағыз ер-тұрман 340-жылдары кең қолданыста болған. Көбіне жауынгер атына салынатын ер-тоқым Рим тағының мұрагері кіші Константин заманында болған деген болжам айтылады.

Мықты ағаштан және түйенің қалың мойнақ терісімен қаптап жасайтын ерді “құранды ер” (құрама ер) деп атайды. Соңғы жылдары ер-тоқымды темірден де жасап шығарып жүр. “Алтын ерің атқа батса, алтынын алып отқа жақ” деген мақалда айтылып тұрғандай, ер-тоқымды сәндеуде алдына жан салмаған халық – қазақ. Оны сан-алуан әшекеймен әрлеп, алтын-күмістермен сәндеген.

ер, ертоқым, өмілдірік
Фото: Baribar.kz

Атақты ер-тоқым жасаушы шебер Серікқазы Жұмағазыұлы қазақ ер-тоқымдарының негізінен үш түрге бөлініп отырғанын айтады. Оңтүстік өңірі құсбас, не үйрекбас ер мінеді. Шығыс өңірі мен орталық Қазақстанда айбас ер салып жүреді. Айбас ер өз ішінен “арғын ер”, “найман ер” деп екіге бөлінеді. Ал батыс өңірі қозықұйрық ерді атқа аса жайлы деп біледі.

Ер жасаушы шеберлер ер-тоқымның атқа ыңғайы болуын түрлі тәсіл арқылы тексерген. Сыншылардың кейбірі атқа жайлы болатын ерді жастанып тексерсе, енді бірі ердің астыңғы жағын өзінің бетіне киіп тексереді. Сол кезде ердің тоқым үсті мұрынға жетпеуі тиіс. Мұрынға тиген ер атты жауыр етеді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz