Енді сенімді жоғалтқан шенеуніктер жұмыстан қуылады

0

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев сенім жоғалтқан саяси мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан босату институты енгізілетіндігі туралы  ойымен бөлісті.

— Саяси қызметшіні сенімсіздікке байланысты қызметінен босатуға қатысты толықтырулар енгізу қарастырылуда. Заң бойынша саяси қызметкер – саяси міндеттерді жүзеге асыруға жауапты, яғни саяси қызметкерге жүктелетін жауапкершілік зор. Осыған орай, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша сенімсіздікке байланысты өз өкілеттіктерін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні қызметінен босату институты енгізілуде. Мұндай босату туралы шешімді тек мемлекет басшысы қабылдайды, – деді ол.

Сенат бірінші оқылымда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына осындай түзетулер енгізілді.