Енді Қазақстанда тіркелмей таксист болсаң көлігіңді тартып алады
Уақытында салығын төлемеген алматылық таксисттер көліктерінен айырылып қалулары мүмкін. Бұл туралы Медеу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары мәлімдеді. Салықшылардың ресми мәліметіне сүйенсек, бір күннің ішінде салықтан жалтарып жүрген 17 жүргізуші анықталған екен. Мемлекет алдында міндеттемелерін орындамай жүргендер он күннің ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп (ИП), заң ережелерін орындаулары тиіс.
«Жүргізушілер талапты орындамаған жағдайда қатаң шаралар қолданылатын болады. Іс сотқа жолданып, әкімшілік іс қозғалуы мүмкін. Нәтижесінде тәртіпке бағынбаған шопырлар көліктерінен айырылып қалады», — дейді мамандар.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық заңына сәйкес, заңсыз кәсіппен айналысып, салықтан жалтарғандарға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сондай –ақ, жеке мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Жеке кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар жеке куәліктерімен халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып тіркеле алады. Түскен пайданың 1 пайызын мемлекет пайдасына салық ретінде төлейді.
«Жас Алаш»