• Жаңа жыл сіз үшін қандай мереке? Оны қалай қарсы аласыз?
  • Ит жылы несімен есте қалды? Келер жылдан не күтесіз?
  • Доңыз жылы туған достарыңыздың мінезі қандай? Олардың сізге ұқсайтын тұсы бар ма?

Ерік Жолжақсынов, театр және кино актеры, “Астана циркінің” директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1959 жылы туған:

Ерік Жолжақсынов
Фото: Circus-astana.kz
  • Балалық шағым кеңес заманында өтті. Мәскеуде оқыдым. Аяз ата мен Ақшақар дегеннің не екенін бала кезден білдік. Жаңа жылды да сол сәттен бастап тойладық. Биыл Астанаға көшіп келгеніме 8 жыл болды. Бірақ бұл мерекені жыл сайын Алматыда, ағам Досханның шаңырағында қарсы алып, бар туысымызбен сонда бас қосатынбыз. Ал 2019 жылды Астанада қарсы аламын. Туыстарым мен достарымды қонаққа шақырамын.
  • Ит жылына өкпе жоқ. Ақан Сатаевтың “Томирис” фильміне түстім. Алғаш рет еліміздің атынан цирк артистерінің “Монте-Карло” фестивалінде қазылар мүшесі болып қайттым. Пенде болғасын әр жылдан, әр күннен жақсылық күтеміз ғой. Доңыз жылы да табысты болады деп сенемін. Ресейден түрлі шақырту келіп жатыр. Өзім басқарып отырған цирк ұжымы 43-ші “Монте-Карло”, сонымен бірге “Азия жаңғырығы” фестивальдеріне қатысады. Ұжым үшін де табысты, жемісті жыл болады деп сенемін.
  • Доңыз жылы туған достарымның еш нәрсені ішінде сақтамай, тік айтатыны бар. Жағымпаздану, алдау дегеннің не екенін білмейді. Өсең-аяңнан алыс, одан жиіркенеді. Қашан көрсең де, процес үстінде жүреді, өте еңбекқор. Өзімнің де бойымнан осы қасиеттер табылады.

Меруерт Түсіпбаева, әнші, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 1971 жылы туған:

Меруерт Түсіпбаева
Фото: жеке архивінен
  • Жаңа жылды үйде қарсы аламын. Туыстарымды қонаққа шақырып, бас қосамыз. Дастархан жайып, түрлі дәмді тағам дайындаймын.
  • 2018 жыл жақсы жағынан есте қалды. “Сағаттар” дейтін әніме жаңа бейнебаян түсірдім. Америкада баламмен біршама уақыт тұрдық. Алдағы 10 жылда осы елге еркін кіріп-шығуға мүмкіндік беретін құжатқа қолымыз жетті. Ұлым ағылшын тілінен IELTS сынағын тапсырып, жоғары нәтижені көрсетті. 2019 жылы ұлым мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Кез келген ана баласының жақсы адам болып, өмірден өз орнын тапқанын қалайды. Сондықтан келер жылы өзімнен гөрі балама көбірек көңіл бөлемін, үміт күтемін. ҰБТ-ны жақсы тапсырып, өз күшімен оқуға түсетініне сенемін. Оған бар мүмкіндігі жетеді. Қазір мектептегі тесттерден 100-ден жоғары балл жинап жүр.
  • Осы жылы туған бірде-бір досым, тіпті, танысым жоқ екен. Өзім білетін доңыздардың ішінде мен жалғызбын. Ал өзімнің мінезіме келсем, айтқанымнан қайтпайтын бірбеткейлігім бар. Көңіл-күйдің адамымын. Достарым саусақпен санарлық. Бірақ бұл менің досқа адал еместігімді білдірмейді. Шын достарымның қасынан әрдайым табылып, қысылғанда демеу көрсетемін.

Дулыға Ақмолда, театр және кино актеры, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1971 жылы туған:

Дулыға Ақмолда
Фото: жеке архивінен
  • Жаңа жыл туралы қоғамда екі түрлі пікір қалыптасқан ғой. “Бұл мерекені тоулауды доғарайық”, “Наурызды ғана тойлайық” деп жатады. Бірақ мен Жаңа жылды тойлауға да қарсы емеспін. Тойланбау керек деп пікір айтатындардың көбі бұл мерекені дінмен байланыстырмайды. Тек бұл күні ішімдік ішіп, мас болып, көшеде жаппай пиротехника атып, түрлі тәртіпсіздік болады. Мерекеге деп аста-төк тамақ дайындап, оның бәрі ысырап болып жатады. Бұл мерекені тойлауды тоқтату керек дегеннен гөрі осындай дарақылықтан аулақ болған жөн санаймын. Жаңа жыл – дүниежүзі бойынша күнтізбенің жаңаруы. Жаңа жыл – мен үшін жылды қорытындылап, өзіме есеп беретін кез. Отбасы, ұжым болып атап өтемін.
  • Келер жылға деп нақты мақсат қоймаймын. Доңыз жылы отбасым үшін де, ұжым үшін де табысты жыл болады деп сенемін. Театрда жаңа қойылымдар, кинодан жаңа рольдер күтемін.
  • Доңыз жылы туғандар туралы жақсы нәрселер жазылып жатады. Шынымен кей тұстары тура келіп жатады. Мен білетін доңыз жылы туғандар еңбексүйгіш, адал болып келеді. Кез келген іске білек сыбанып, шын ниетпен кірісіп кетеді.

Ақжарқын Қыдырханова, журналист, Baribar.kz редакторы, 1995 жылы туған:

Ақжарқын Қыдырханова
Фото: жеке архивінен
  • Жаңа жыл мерекесіне күнтізбенің өзгеруі ретінде қараймын. Сол себепті одан аса ештеңе күтпеймін. Бірақ доңыз жылының келуімен жақсы өзгерістер болады деп сенемін. Себебі осы жылда мүшел жасқа кіремін. “Жаңа жыл – жаңа бақыт”, “сиқырлы кезең” дегеннен гөрі осы сенім өзіме жақынырақ. Себебі әр мүшел жасқа кіргенде адамның тек болмысы ғана емес, дүниетанымы бір циклды айналып өтеді, ақылы толысады. “Мүшел жаста абай болу керек” деп, оған үреймен қарайтындар бар. Негізі сенім – үлкен күш. Не нәрсеге сенсең, миың да, бүкіл денең де соған дайын тұрады. Сол себепті мен жаңа жылда тек позитив, өсіп өркендеуді, толысуды күтемін.
  • Мен үшін Жаңа жыл ұзақ демалыстың келуі сияқты. Еңбек демалысын осы кезеңде алуды жөн санаймын. Жаңа жылда туған ауылыма барамын, отбасыммен, мұғалімдеріммен, сыныптастарыммен кездесемін. Кішкентайларды қуантуға, жақындарыма сыйлық беруге тырысамын.  Жаңа жыл – әзірше еліміздегі жалғыз отбасылық мереке.
  • “Бір жылы туғандарда ортақ қасиет болады” деп айта алмаймын. Бірақ менің құрдастарымның көбінен еңбексүйгіштігін, білуге, тануға құмарлығын байқаймын. Қай ортада болмасын, құрдастарымның саны азырақ. Мұны 1995 жылмен, біздің елде тоқырау заманының болуымен байланыстыруға болады. Қиыншылық кезеңінде дүниеге келгендіктен болар олардың өмір сүруге, кез келген салаға бейімдігі, жақсылыққа “қомағайлығы” байқалады. Ал доңыз жылын ластықпен байланыстыруды жөн санамаймын. Қабан – қазақтың ұғымында мықтылықтың белгісі. Абылай хан осы жануарды жеңгені үшін Ерасыл батырға “Қабанбай” есімін бекер бермесе керек.
Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!