елордалық депутаттар қала атауын өзгертуді қолдады

0

Елордалық мәслихат Қазақстан астанасының атауын «Нұр-Сұлтан» деп жазуды ұсынды

АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Елордалық мәслихат депутаттары Астана қаласының атауын «Нұрсұлтан» деп өзгерту туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордамыздың атын оның бас сәулетшісі, Қазақстанның тұңғыш президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен атап, мәңгілік тарихқа қалдыруды ұсынды», — деді Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов елорда мәслихатының 46-шы сессиясында.

Нұрсұлтан халқы құжаттарын қашан ауыстырады?

Сонымен қатар, ол парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдағанын атап өтті.

«Астана қаласының әкімдігі Қазақстанның тұңғыш президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгі есте сақтауға бағытталған бастаманы қолдайды. Әлеуметтік желілерден, жұмыс топтарынан хаттар келіп жатыр. Олардың бірінде қаланың жаңа атауы жаңа жеңістерге жетелейді деп жазылған», — деді қала әкімі.

Сонымен, мәслихат депутаттары Астана қаласын Нұрсұлтан деп атау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Бұдан бөлек, мәслихат қала атауын «Нұр-Сұлтан» деп жазу туралы ұсынысты қабылдады. Енді бұл мәселені Қазақстан үкіметі жанындағы республикалық ономостикалық комиссия қарайды. Одан өтсе, үкіметтің қарауына жіберіледі.

Елбасы Астана атауын өзгерту туралы не деді?



sputniknews.kz