Елордадағы «Нұр Астана» мешітінің атауы өзгерді
Елордадағы «Нұр Астана» мешітінің атауы Әбу Насыр әл-Фараби болып өзгертілді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде «Нұр Астана» мешітінің атауын өзгерту жөніндегі Ғұламалар кеңесінен ұсыныс түсті. ҚМДБ бөлім басшылары, облыс имамдары мен Орталық аппарат қызметкерлері мешіт атауының өзгеруін қолдап, дауыс берді. Нәтижесінде, 15 жылдық тарихы бар мешіт ендігі таңда ойшыл, ғұлама әл-Фарабидың есімімен аталатындығы туралы шешім қабылданды.
«Жақында ҚМДБ-да ғұламалар кеңесінің ұсынысымен елордамызға талай жылдар қызмет еткен Нұр-Астана мешітінің атауын әл Фараби бабамыздың атына өзгерту жайында ұсыныс берілген болатын. Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың атына өзгерту жайында шешім қабылданды. Жалпы, осы елорда төріндегі мешітке бабамыздың аты берілуі тектен-тек емес. Өйткені ең бірінші, әл-Фараби деген кезде әрбір мұсылман үшін, әрбір қазақ руханиятына имандылықты, білімге деген құштарлықты, қанағатшылықты, қарапайымдылықты еске түсіреді», — деді Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қабылданған шешім нәтижесінде бүгін ресми түрде бұрынғы мешіт атауы жазылған тақтайша алынып, орнына Әбу Насыр әл-Фараби атындағы жаңа мешіт атауымен тақтайша орнатылды.
«Мешітке әл-Фарабидың есімін бергенде біз екі себеппен қуандық. Бірінші — ғылым, білім келеді, әл-Фарабидың аты бізді жаңғыртып тұрады деп. Екінші жағдай, біз енді әл-Фараби атымен әлемге таныламыз, әлемді танимыз деп. Әл-Фараби біз үшін рухани көпір», — дейді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы.
«Әбу Насыр әл-Фараби деген адам жеті ғасыр бойы бүкіл адамзаттың ақыл-ойының негізгі тірегі болды. Осы исламның пәлсапасын, дүниетанымын бүкіл дүниежүзіне кәсіби түрде насихаттап, жеткізген Әбу Насыр әл-Фараби. Сондықтан әл-Фарабидың атымен мешіттің аталуы бұл өте тамаша әрі орынды», — деп атап өтті ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ғарифолла Есім.
Айта кетейік, 2005 жылдың 2 наурызында ашылған мешіт елорданың Есіл ауданында орналасқан. Мешіт Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидің қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылған болатын. Орталықтың ашылуына сол тұстағы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Қағба мен Құран бейнеленген, сүрелер түсірілген жапқышты сыйға тартты.