Елордада полицейлер балконнан секірмек болған қызды құтқарып қалды – видео

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Тәртіп сақшылары оқиға орнына үш минут ішінде жетіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалды

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Елордалық полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған бойжеткенді аман алып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел басқару орталығына Қонаев көшесіндегі тұрғын үйдің 6-қабатынан әйел адам секіруге әрекеттеніп жатқаны жөнінде хабарлама түскен.

Патрульдік полиция полкінің инспекторы Берік Ақкөзов пен Фархад Төкенов үш минут ішінде оқиға орнына жетті. Балконның сыртқы жағындағы тақтай үстінде секіруге ыңғайланып отырған қызды райынан қайтару үшін полицейлер күйзелістегі жанмен сөйлесу қажет екенін түсінді. Фархад Төкенов сыртта қалып, бойжеткенді қауіпті қадам жасамауға көндіре бастады. Ал екінші полицей алтыншы қабатқа жылдам көтеріліп, құлыпталған есікті бұзып кіреді.

«Балконның терезесіне іштен келіп алдымен шалбарының белбеуінен, содан кейін аяғынан ұстап алдым. Бұл әрекет екеуіміз үшін де қауіпті деп ойладым. Бірақ маған полицей ретінде шешім қабылдап, адам өмірін сақтап қалу керек болды», – дейді Берік Ақкөзов.

Полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған 24 жастағы бойжеткенді Байқоңыр аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі кезде істің мән-жайын анықтау үшін тиісті органдар жұмыс жүргізуде.



sputniknews.kz