Елордада бір күнде ұшып келген 600-ге жуық адам тексеріледі

0
4

Коронавирустың таралуы қаупі жоғары елдерден келген 12 жолаушы бірден провизорлық стационарға жатқызылды

НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Төтенше жағдайға байланысты бүгін елордаға ұшып келген барлық жолаушыны карантинге жатқызу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы  қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«22 наурызда 6 рейспен келген 596 адам оқшауланды. Олар Дубай, Токио, Минск, Мәскеу, Лондон мен Ыстанбұлдан ұшып келді. Жолаушылардың 97 проценті, яғни 577 адам карантиндік стационарға жатқызылды. Сол жерде коронавирусқа зертханалық зерттеу жасалады. Соның нәтижесінде үй жағдайында карантинге ауыстыру шешімі қабылданады. Ал коронавирус анықталса, бірден инфекциялық стационарға жатқызылады», – деді Қисықова онлайн брифингте.

Оның айтуынша, 12 жолаушы бірден провизорлық стационарға жатқызылды. Себебі коронавирустың қаупі жоғары мемлекеттерден келген. Бұдан бөлек, елшіліктерде істейтін 7 қызметкер үй жағдайында бақылауға алынды. Бүгін олар сынама тапсырады.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған бір науқас ауыр жағдайда жатыр

«Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласында әуе қатынасымен келетін жолаушылар зертханалық зерттеудан өтпей, қалаға кіре алмайды», – деді ол.

Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 56 адамға жетті.

Соңғы деректер бойынша Нұр-Сұлтанда – 31, Алматыда – 22, Қарағандыда – 2, Алматы облысында бір адам тіркелді.



sputniknews.kz