Елорда тұрғыны сүйіктісін ойыншық тапаншамен қорқытып, 14-қабаттан итеріп жібермек болды
Елордада екі жас өзара келіспей қалып, жігіт бойжеткенді қысым көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
22 қаңтар күні ”102“ желісіне Сарайшық көшесінде қолында тапаншасы бар белгісіз біреу бойжеткенді 14-қабаттан итермек болып жатқаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына инспекторлар Дархан Шөкенов пен Дархан Әбдікеев барып, оқыс оқиғаның алдын алу үшін шұғыл шара қабылдады. ”Анықталғандай, өзара келіспеушіліктен кейін 23 жастағы жігіт 22 жастағы қызға қысым көрсеткен. Күдікті ұсталып, полиция басқармасына жеткізілді. Бойжеткенге медициналық-психологиялық көмек көрсетілді”, — делінген хабарламада. Сондай-ақ, күдіктінің қолында ойыншық пистолеттің болғаны анықталды. Болған оқиғаға бойынша қастандық жасалды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды.