«Мазардың ішімен жүгіртті»: Желі арқылы танысқандардан қорлық көргенін айтқан ару жанайқайын жеткізді

0
1184

Алматы облысында 16 жастағы оқушы қыз белгісіз біреулердің қорлық көрсеткенін айтып, шағымданды. Оның сөзінше, ұрып-соққандар бұл әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарна дерегінше, жантүршігерлік оқиға өткен жылы 24-желтоқсанда кешкі уақытта болған. 16 жастағы жасөспірім әлеуметтік желі арқылы танысқан екі қызбен өзеннің маңында кездеседі. Оның айтуынша, қыздар осы жерде ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсететін екі жігітті шақыртқан. «Олар маған ауылда өздері туралы қауесет тараттың деп сес көрсетті. БІздің нашақор екенімізді, есірткі қолданатынымзды кімге айттың деп ұра бастады. Мен оларды мүлде танымаймын. Әлеуметтік желіде кездесу туралы жазғанда да қоқан лоққы көрсетті», — деді зардап шегуші.

Жасөспірім қорланғаны жайлы алғашында үйдегілерге айтпағанын жеткізді. Телеарна мәліметінше, үш күннен соң әлгі қыздар оны қайта соққыға жыққан. Киімін шешіп мазардың ішімен ары-бері жүгіруін бұйырған. Сорақысы бұл қылықтарын видеоға түсіріп, желіге жүктеді, дейді ол. «Желтоқсанның 27-і күні қызым үйге көк ала қойдай боп келді. Мұрны сынған. Беті аузы ісіп кеткен. Алғашында не болғанын сұрағанымда айтпай қойды. Кейін мән жәйді түсіндірді.

Бірден полицияны шақырдым. Біз зорлық көрсеткен екі жігіттің де оларды видеоға түсірген достарының да әділ жазалануын сұраймыз», — деді зардап шегушінің анасы. Алматы облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, қазіргі уақытта іс қозғалып жатқанын мәлімдеді. «Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 123-бабы екінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда істің мән-жәйі анықтау мақсатында, тиісті сараптамалар тағайындалып тергеу амалдары жүргізілуде», — деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкері Әбілтай Әбенов.

Автор: Әсем Лесбек