Еліміздегі жоғары оқу орындарында қоғамдық қабылдау орталықтары жұмысын бастады

0

Бүгін еліміздегі жоғары оқу орындарында Қоғамдық қабылдау орталықтары ашылды.

Ол жерге студенттер мен оқытушылар жаңа идеялары мен ұсыныстарын жолдап, өздерін қызықтыратын сұрақтарына жауап ала алады.

Қоғамдық қабылдау орталығының басты мақсаты — ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету, студенттер мен оқытушылардың өзекті мәселелерін шешу, сондай-ақ олардың сенімін нығайту.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Қоғамдық қабылдау орталығының ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жалпыұлттық келісімді, билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуды тапсырды. Жоғары оқу орындарындағы Қоғамдық қабылдау студенттермен, ұжыммен, қоғаммен тиімді қарым-қатынас жасау үшін құрылған. Бұл басшылыққа білім алушылармен және олардың ата-аналарымен, академиялық қоғамдастықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға және барлық мәселелерді жедел шешуге көмектеседі», — деп атап өтті министр Саясат Нұрбек.

Қоғамдық қабылдауға өтінішті жазбаша немесе аудио-видео өтініш түрінде, сондай-ақ мессенджерлер немесе QR код арқылы жіберуге болады.

Мәселен, ЕҰУ-дың Қоғамдық қабылдауына өтініштерді университеттің барлық оқу ғимараттарында орналастырылған QR-код арқылы онлайн режимде жіберуге болады. QR-ды сканерлеу, өтінішті толтыру және сұрақты жіберу жеткілікті. Өтініш бірден Қоғамдық қабылдау орталығына түседі, жауап онлайн режимде келеді. Осылайша, ЕҰУ-да цифрлық сервистердің сапасын жақсарту және білім беру процесінің түгел қатысушыларына қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде.

Сондай-ақ, студенттер, ата–аналар және оқытушылар Министрліктің бірыңғай колл-орталығына 1450 нөмірі бойынша хабарласуына болады.