Еліміздегі президент сайлауында ерекше қырларымен танылған кандидаттар кімдер – Қазақстан жаңалықтары

0
94

Мәңгілік кандидаттар. Президент сайлауы десе Мэлс Елеусізов пен Ғани Қасымов елдің есіне түседі. Бірнеше рет ел басқарудан үміттенген тұлғалар  дауыс жинай алмай, жеңіліп қалса да осы сайлау науқаны арқылы танылды.

Еліміздегі президент сайлауында ерекше қырларымен танылған кандидаттар кімдер

Осыған дейін болған президенттік сайлауларда ерекше қырларымен ел есінде қалған өзге де кандидаттар жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Президент сайлауы – еліміздегі маңызды саяси науқан. Неше түрлі шоу да, дау да осы кезде қыза түсетін. 1991 жылдан бері елімізде 5 рет президент сайлауы өтті. Одан соң ел есінде қалған науқан 1999 жылдың қаңтарында ұйымдастырылды. Президенттіктен үміттеніп бірқатар саяси фигуралар шықты.

Сайлаудан кейін харизмасымен Ғани Қасымовтың танымалдығы арта түсті. Ол 1999 жылы үшінші орын алса, 2011 жылғы сайлауда  екінші орынға шыққан.  Енді үшінші рет қатыссам, тағы бір орынға көтеріліп кетермін деп әзіл-шынын аралыстырады.

«Ер кезегі үшке дейін дейді ғой, бірақ жастар қатысқаны дұрыс деп есептеймін. Жаңа буынның өкілдері шығу керек», – деді мемлкеттік және қоғам қайраткері Ғани Қасымов.

Сайлау десе жасыл желегімен жалаулатып шығатын Мэлс Елеусізовті де іздейді жұрт үміткерлер арасынан. Алайда табиғат жанашыры  биылғы саяси науқанға дайын емес сияқты. Саяси процесс бұлай тез өрбиді деп күтпеген екен.

«Мен қазір заңды зерттеуім керек. Қараған да жоқпын, тез болады деп кім ойлаған. Бірақ қатысқан дұрыс қой. Президент болам деп мен  көп сайлауға қатыстым. Сонда халықпен кездесуге көп мүмкіншілік бар. Қазір ауа-райы өзгеріп бара жатыр. Оны ешкім ойлап жатқан жоқ», – дейді эколог Мэлс Елеусізов.

Ал 2005, 2011 жылғы сайлау кезінде Ерасыл Әбілқасымов, Жамбыл Ахметбеков деген тұлғаларды халық тани бастады. Каратист кандидат президент бола алмаса да, сайлаудан кейін мәжіліске депутат болып кетті.

«Біз совхоздың директорын, мектеп басшысын таңдап жатқан жоқпыз», – деді Марзатай Жолдасбеков.

Президенттіктен үміткерлерге қойылатын талаптардың бірі – мемлекеттік тілді меңгеруі. Осы  сыннан талайы сүрінді. Сенатор Уәлихан Қайсаров та екі рет кандидатурасын ұсынып, емтихан тапсыра алмай қазақ тілінен қате жіберді. Ана тілге шорқақ болған үміткерлердің бірі – Мұсылмандар одағының басшысы Мұрат Телебеков.

Есесіне Телебеков сайлау комиссиясында шоу ұйымдастырып, ел есінде қалды. Соңғы рет президент сайлауы 2015 жылдың көктемінде өткізілді. Кезектен тыс. Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ел басқарудан үміттенген Әбілғазы Құсайыновтың  қазір қайда жүргені белгісіз.  Ал, Тұрғын Сыздықов мәжілістегі ең жасамыс депутаттардың бірі. Биылғы сайлауға кімдер түседі, әзірге белгісіз.

stan.kz