Елімізде қашықтан оқытуды заңдастыру ұсынылды — Қазақстан жаңалықтары

0

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рауан Кенжеханұлы елімізде қашықтықтан оқыту жүйесін заңдастыруды ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Білім берудің сапасын арттырып, әрі оны бар аймақта қолжетімді ету үшін қашықтан және онлайн оқыту технологияларын жүйелі түрде және кеңінен енгізу сұранып тұр. Соңғы 10 жылда әлем бойынша қарқынды дамыған бұл технологиялар өз тиімділігін дәлелдеді. Әсіресе, жаһандық карантин салдарынан жаппай қашықтан оқытуға көшу бұл әдістердің зор мүмкіндіктерін көрсетті. Әрине, мектеп және колледждерді, ЖОО-ны толық онлайнға өткізу міндеті тұрған жоқ. Бұл мүмкін де емес», — деді Рауан Кенжеханұлы. 

Бұған қоса ол қашықтан оқыту форматын ресми түрде енгізу керектігін атап өтті. 

«Ол үшін алдымен қашықтан оқытуды Қазақстанда ресми түрде танылған білім беру формасы қатарына қосып, оны Білім туралы заңға кіргізу қажет деп ойлаймыз. Қашықтан оқыту технологиясын қолданатын оқу орындарына қойылатын әдістемелік және технологиялық талаптарды айқындап, оларға бөлек лицензия берген абзал. Бұл мәселе шұғыл шешілмесе, өз елінде отырып, шетелдік оқу платформаларын таңдайтын қазақстандық қашықтан оқушылар көбейеді. Қазірдің өзінде біздің есебімізше 30 мыңнан астам қазақстандық оқушылар иен студенттер қазақстандық бағдарлама, стандарт пен талапты мүлдем ескермейтін шетелдік онлайн мектеп пен университеттерде оқып жатыр. Бұл мәселеге қатысты ұсыныстар мен заңға енуі қажет толықтырулар мен өзгерістер жобасын министрлікке тапсырдық», — деді кеңес мүшесі. 

Еске салайық, Қазақстандағы коронавирус ахуалына байланысты елімізде ЖОО мен мектептер қашықтан оқуға көшкен еді. Аурудың жаппай таралауын алдын алу үшін тіпті мектептердегі соңғы қоңыраулар да онлайн түрде өткен болатын. 

stan.kz