Елге қайтқым келмейді: Америкадағы бала бағушы қазақ әйел табысы туралы айтты

0

Қазақ әйелі 20 жылға жуық америкалық отбасымен тұрып, солардың бала-шағасына күтуші болып, АҚШ азаматтығына үміткер болып отыр, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде ебін тауып мұхит асып кеткен біздің кейіпкер өз атын көрсетпеуді жөн көрді. Есімін шартты М деп алған оның елде қалған бір баласы және одан тараған немерелері бар. Қиын кезеңдерде түрлі қиыншылықтарға шыдай алмаған күйеуімен ажырасып кеткеніне бүгінде шынымен қуанады. Себебі, күніге ұрып-соғып әйелінен басқаға шамасы келмейтін «отағасынан» босаған күндердің бірінде АҚШ-қа кету туралы Өзбекстаннан сол жаққа көшіп кеткен туыстарынан естіп білген.

Көп ойланбастан мектеп жасындағы жалғыз ұлын туыстарына аманаттап қалдырған ол нартәуекел деп орыс тілін толық білмесе де, ағылшын тілді ел АҚШ-қа ақша табу үшін аттанған. «Бақытыма орай, жақсы отбасыға тап болдым. Ұл-қыздарына өз баламнан кем қараған жоқпын. Шын ниетім мен адал еңбегімді көрген олар айлығымды кешіктірмей беріп отырды. Үйлерінде тегін тұрғызды. Мен келгенде шиеттей шетелдіктердің балалары бүгінде ержетіп өз күндерін өзі көріп кетті. Сізге өтірік маған шын, американ балаларымның бөлмелерінде менің суретім ілулі тұрады. Бұл жақта біздегідей емес қой, бөлек шықты бітті, өз қамын өзі жасайды. Қазақтар секілді той жасап, үй әперіп артынан ажырасып, құдаларымен қырылып жатпайды. Елде қалған ұлымды осы жақтағы айлығыма оқыттым, қалыңмалын төлеп, үйлендіріп, жесір қатынның баласы деп кемсітпесін деген намыспен тойын дүркіретіп ең қымбат ресторанда өткіздім. Бірақ елге қайтқым келмейді. Мына жақтағы «отбасым» бәрінен жақын секілді. Әрі басында келгендегі 1000 доллар айлығым әлдеқайда өсті. Ұлыма еліміздегі оңтүстіктегі қалалардың бірінен ойып тұрып екі қабатты үйі мен салоннан көлігін әпердім. Бәлкім олай-былай болып кетсем, осы жақта қалатын шығармын» – деген М қай қалада тұратынын айтудан да бас тартты.

Осылайша өз бақытын өзге елден тапқан отандасымыздың жасы бүгінде біразға келіп қалған. Әзір елге қайтқым келмейді деген ол баласы мен немелеріне әлі күнге дейін ақша салып тұрады. Шамасы оның елдегі отбасына да сол тиімді секілді. «Шетелден доллармен ақша алып, теңгеге айналдырып өмір сүрсең, кімге ұнамайды?!» деген оның ұлы өзге пікір беруден бас тартты.