Елде девальвация бола ма — министр жауап берді

0

Қазақстанның айырбастау пунктерінде доллар 390-395 теңгеден сатылып жатыр. Ұлттық банктің ресми бағамы таңертең 382,05 теңгеге тең болды

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қазақстандықтар кезекті девальвацияға дайындалуы керек пе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Техникалық тұрғыдан айырбас дәлізі (валюта бағамының құбылу шегі – Sputnik ескерт.) бар жерде девальвация болады. Біздің елде ол дәліз жоқ. Бізде еркін айырбас бағамы», — деді Дәленов үкімет кулуарында.

Осыған байланысты, оның айтуынша, Қазақстанда девальвация болжанып отырған жоқ.

«Мұндай дәліз болмағандықтан, девальвация болжанып отырған жоқ», — деді министр.

Сонымен қатар, БАҚ өкілдері Дәленовтен егер теңге құнсызданса, Қазақстан экономикасы бұған төтеп бере ала ма деп сұрады.

«Біз еркін айырбас бағамы туралы сөз қозғап отырмыз. Бағамға қатысты бірқатар елде Канада, Норвегия, Ресейде өзгерістер болды. Барлық өндіруші ел өз бағамына түзетулер енгізіп жатыр. Мұны нарық реттейді. Бұл жағдай Қазақстанды да айналып өтпеді. Ұлттық банк қалыптасқан ахуалға қандай реакция берерін қарастырып жатыр», — деді ол.

Айта кетсек, 9 наурызда әлемдік нарықта қара алтын бағасы күрт құлдырады. Бұған Сауд Арабия мен Ресейдің ОПЕК келісімінен шығуы әсер еткен. Соның салдарынан Қазақстанда доллар тағы қымбаттады.

Тағы оқыңыз: Ақшаны қай валютада сақтау керек – министр қазақстандықтарға кеңес берді

Ірі қалалардағы айырбастау пунктерінде доллар бағамы 397 теңгеге дейін өсті. Ал сейсенбі күні валюта айырбастау пунктерінде доллар 390-395 теңгеден сатылып жатыр. Десек те, Ұлттық банктің ресми бағамы таңертең 382,05 теңгеге тең болды.

Бірлескен мәлімдеме

9 наурызда кешке қарай Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк бірлескен мәлімдеме жасады. Оған сәйкес, сыртқы нарықта қалыптасқан ахуалға және оның Қазақстан экономикасына әсеріне тұрақты мониторинг жүргізіледі. 

Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның негізсіз өсуін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қымбаттауын болдырмауға ерекше назар аудармақ.

Ұлттық банк валюта нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз ету және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті валюталық интервенциялар жүргізеді. Ал қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау жөнінде шаралар қабылдайды.



sputniknews.kz