Елбасының атасы Назарбай туралы 1910 жылғы құжат табылды
Тарихшы-генеалог Нұржан Сәдірбекұлы Алматыдағы мұрағат ішінен осындай деректерді тапқанын жазды.
«Мен мысалы Алматы архивінен 1910 жылғы кредитно-ссудный документтер ішінен Елбасымыздың атасы Назарбайдың банктен кредит алған туыстары үшін гарант (кепілгер) болғаны туралы құжатты таптым» деді тарихшы Н.Сәдірбекұлы.
«Генеалогия дегеніміз тарихтың бір саласы, қазақша бір сөзбен айтқанда тектану, ата бабасының шығу тегі, шежіресін ғылыми негізбен зерттейтін білім. Әлем тарихы, Қазақстан тарихы мемлекеттер мен елдердің саяси өмірін сипаттайтын макро тарих болса, Генеалогия ру, отбасы, әулет тарихын архивтерден зерттейтін микро тарих. Ал біздің ауызша шежіре деп жүргеніміз толық шежіре емес, жартылай шежіре. Себебі архив құжаттарымен дәлелденбеген шежіренің қалай болғанда да кемшілігі көп болып тұрады.
Әр адамның өмір тарихынан туралы хабар беретін көптеген құжаттар бар. Мысалы сіз Шымкентте немесе Алматыда тұрасыз. Сіз туралы кем дегенде 20 шақты мекемеде тіркелген құжаттар бар. Олар АХАЖ, балабақша, мектеп, университет, военкомат, аурухана, ІІМ, Салық комитеті, банктер т.б. мекемелер. Архивтерден тіпті соғыс кезіндегі кісілердің Үй тіркеу кітаптарын (домовая книга) табуға болады. Мұның барлығы тарих. Барлығы генеалогиялық материал» деп нақтылады тарихшы.