Елбасы саясаты әлем елдерімен достық қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етті – Әбдірахманов

0
26 Қараша 2018, 14:09 173 0

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Астана – жаһандық интеграция, қауіпсіздік және бейбітшілік орталығы» халықаралық парламенттік конференциясы өтіп жатыр. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Елбасы саясаты жайлы айтып берді.

«Өткен жыл маңызды оқиғаларға толы болды. Сыртқы саясатта өзгерістер көп болды. Тәуелсіз Қазақстан одан әрі нығая түсті. Әсіресе, елордамыз Астананың 20-жылдығының ауқымды халықаралық деңгейде тойлануын атап өтуге болады. Қазақстандық дипломатияның біртіндеп дамуы, біздің халықаралық арендағы рөліміз, ішкі саяси-экономикалық реформаларымыз елорданың дамуына оң әсерін тигізіп отыр деп үлкен сеніммен айтуға болады. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс жүргізілген сыртқы саясатының арқасында Қазақстан халықаралық аренада тұрақтылық генераторы, қарқынды гүлдену, даму моделі ретінде қабылданады», — деді Әбдірахманов.

Министрдің айтуынша, Астана – ашықтық, толеранттық, әріптестік символына айналды.

«Президентіміз Астананың 20-жылдығын тойлау салтанатында елорданың 20 жылда ғаламдық интеграция, қауіпсіздік және бітімгершілік орталығына айналғанын айтты. Елбасы «тарихи оқиға саналатын ЕҚЫҰ саммитінен кейін әлемдік саясатта «Астана рухы» деген түсінік қалыптасты» деді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары сыртқы саясатын жолға қойды. Елбасының көпвекторлы, конструктивті сыртқы саясаты әлемнің барлық елдерімен достық қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етті. Қазақстанның бірде-бір мемлекетпен екі жақты деңгейде де, көпжақты форматта да проблемасы жоқ», – деді Қайрат Әбдірахманов.

Жиынға Әзербайжан, Италия, Қырғызстан, Литва, Ресей, Түркия және Өзбекстан Парламенті басшылары, сондай-ақ, Германия, Үндістан, Қытай, Швеция және басқа елдердің сарапшылары мен халықаралық ұйым өкілдері қатысуда. Конференцияны Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ашқан болатын.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ