Елбасы Маминнің кандидатурасын қолдайтынын айтты
«Nur Otan» төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістегі партия фракциясының отырысына қатысып, болашақ Премьер-министрдің кандидатурасы жайында пікір білдірді.
«Менің ойымша, сабақтастықты сақтау керек. Барлық қиындыққа қарамастан, Үкімет өз жұмысын жақсы атқарды. Басқа елдермен салыстырғанда біз жақсы нәтиже көрсеттік. Егер Президент Мамин Асқар Ұзақбайұлының кандидатурасын ұсынса, онда мен фракциядан оның кандидатурасын қолдауын сұраймын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ партия Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясының жетекшісі қызметіне ұсынды. Айта кетейік, бұған дейін ол Мәжіліске төрағалық етіп, төменгі палатадағы «Nur Otan» фракциясын басқарды.
Айта кетейік, Парламент сайлауынан кейін министрлер кабинетінің өкілеттігі тоқтатылады.
Конституциялық заңға сәйкес, Үкімет Мәжілістің өкiлеттiк мерзiмi шегінде жұмыс істейді және жаңадан сайланған Мәжілістің алдында өз өкiлеттiгiн доғарады. Премьер-министр мен министрлер үкiметтің жаңа құрамы бекiтiлгенге дейiн өз мiндетін атқара бередi.
Өңір әкімдері өкілеттігін тоқтатпайды. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда әкімін тек президент тағайындай алады.