Елбасы кітапханасының директоры, профессор Ә. Рахымжанов Сыр өңірінде
Бүгін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің студенттері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Ә. Рахымжановпен кездесті.
«Елбасы биылғы жылды жастар жылы деп жариялады. Бұл елдің болашағын бүгіннен бағдарлау екендігін білдіреді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті — Елбасы кітапханасының жылжымалы көрмесі бойынша Сыр еліне келіп отырмыз. Алдымен Шиелі ауданына ат басын бұрып, онан соң Қорқыт елі Қармақшыда болдық, Біздің Көрменің мақсаты Тәуелсіздік алған күннен бастан бүгінге дейін жеткен жетістіктерімізді ел-жұртқа көрсету, насихаттау. Егемен ел болу жолындағы барлық жұмыстар мен көптеген құжаттар осы көрмеге қойылған. Жылжымалы көрмеде мыңнан аса түпнұсқадағы құнды жәдігер бар» , — деді Әмірхан Рахымжанов.
Кездесуде студенттер қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, І Халықаралық » Жас талант-2018″ байқауының І дәрежелі лауреаты Әли Кеңесұлы арнау айтты. Орталықтың жұмысымен танысқан студенттер, өз пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар, профессор Әмірхан Рахымжанов Сыр еліне сапары барысында кітапхана жұмысымен танысып, кітапхана жанындағы «Bookclub» клубының қатысушыларымен кездесті. Сондай-ақ «Шаңырақ» интеллект орталығының жұмысы мен қазақ жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасымен танысты. Коворкинг орталықта Ә.Рахымжанов белсенді жастармен кездесті. Кездесу барысында облыстық кітапханаға Елбасы кітапханасының 100-ден астам кітабы сыйға тартылды. Олардың ішінде Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері, ҚР Тұңғыш Президентінің 1990-2016 жылдар арасындағы қызметінің хроникалары, Мемлекет басшысының ресми өмірбаяны, қазақстандық және шетелдік авторлардың Елбасы туралы кітаптары, қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени тақырыптардағы өзекті әдебиеттер бар.