Джеймс Мэттис отставкаға кететінін мәлімдеді
АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис келесі жылдың басында отставкаға кететіні туралы мәлімдеді. Қызметтен кету туралы өтінішінде ол кей мәселелерде, соның ішінде Қытай мен Ресейге қатысты саясатқа қатысты президент Дональд Трамппен көзқарасы «үйлеспейтіндігін» айтқан. Мэттистің президентке хаты желтоқсанның 20-сы күні, президент Трамп 2019 жылғы ақпанның соңында қорғаныс министрінің отставкаға кететіні туралы Twitter әлеуметтік желісінде жариялағаннан кейін тараған.
КОНГРЕСТІ АЛАҢДАТҚАН ХАБАР
АҚШ Конгресіндегі демократтар да, республикашылдар да қорғаныс министрі Мэттистің қызметінен кететіні туралы хабарға байланысты алаңдаушылық білдірген.
Сенаттағы демократтар лидері Чак Шумер журналистерге пікірінде Мэттистің отставкасын АҚШ әкімшілігіндегі «бейберекеттік» белгісі деп атаса, жақында өкілдер палатасы спикерлігіне келетін демократ Нэнси Пелоси Мэттистің хатына «қайран қалғанын» айтқан.
«Біздің небір үлкен жетекшілеріміз бұл әкімшіліктен абыржып кетіп жатыр. Өзгелері масқара жағдайда кетті», — деген ол баспасөз өкілдеріне.
Сенаттың барлау жөніндегі комитеті жетекшісінің орынбасары демократ Марк Уорнер Twitter-дегі парағында Мэттисті «бейберектік жайлаған Трамп әкімшілігіндегі тұрақтылық аралы» деп сипаттап, оның қызметтен кететіні «қорқынышты» деп жазған.
Сенаттағы республикашылдар лидері Митч Макконел Мэттистің жұмысын жоғары бағалап, оның оставкаға кететіндігіне қынжылыс білдірген.
Макконел АҚШ өзінің достары мен дұшпандарына қатысты нақты ұстанымынан айнымауы тиістігін айтып, «соңғыларының арасында Ресей тәрізді елдер барын мойындау керек» деген.
Сенат мүшесі республикашыл Марко Рубио Twitter-дегі парағында: «Генерал Мэттистің хатын оқыңызшы. Ол біздің елімізге қатер төндіретін, альянстарымызды бүлдіретін және қарсыластарымыздың күшін еселейтін саяси қателіктерге ұрынып жатқанымызды айқын білдіреді» деп жазған.
«КЕЛІСПЕУШІЛІК ТУҒЫЗҒАН МӘСЕЛЕЛЕР»
Пентагон басшысы Мэттис отставкаға кететіні туралы президент Трамптың Сирияда «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы күресіп жатқан күрд және сириялық жасақтарға бір альянста болысып келген америкалық әскерді Сириядан «түгелдей» шығару туралы Конгрестің көптеген мүшелері мен одақтастарды қайран қалдырған және кейбірінің наразылығын туғызған шешімін жариялаған күннің ертесінде мәлімдеген.
Халықаралық жаңалықтар агенттіктері Мэттис пен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілердің президенттің шешімі Ресей, Иран мен Түркияға ғана пайдалы деген уәж келтіріп, оған қарсылық танытқаны туралы хабарлаған.
Reuters агенттігінің Ақ үйдің аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды қызметкеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Мэттис Трамппен кездесу кезінде «кей мәселелер» бойынша көзқарасы үйлеспегендіктен отставкаға кететіні туралы өтініш берген.
68 жастағы генерал Джеймс Мэттис Трамп әкімшілігіндегі ең беделді лауазым иелерінің бірі саналатын. Оның жұмысына республикашылдар да, демократтар да жоғары баға берген. Әйткенмен, кейбіреулер президент пен Конгресс арасында келіспеушілік тудырған кей мәселелерде Трампты қолдағаны үшін Мэттисті сынаған.
Қызметтен кету туралы өтінішінде Мэттис: «Біздің стратегиялық мүддемізге қарама-қайшылығы тереңдей түскен елдерге қатысты батыл және екіұшты емес ұстанымда болуымыз керек деп санаймын. Мәселен, Қытай мен Ресей көршілерінің, Американың және біздің одақтарымыздың есебінен өз мүдделерін алға жылжыту үшін, экономика, дипломатия және қауіпсіздік салаларында басқа елдердің шешімдеріне вето қою құқығына ие болып, авторитарлық модельге сәйкес келетін әлем құруды қалайды» деп жазған. Мэттис одақтастары мен стратегиялық бақталастары туралы ой-пікірінде қырық жылға жуық жинақтаған тәжірибесіне сүйенетінін айтқан.
«Сіз бұл және басқа мәселелер бойынша көзқарасы өзіңіздікіне анағұрлым жақын қорғаныс министрін [тағайындауыңызға] толық құқығыңыз бар болғандықтан, мен бұл қызметтен кеткенім дұрыс деген байламға келдім», — деп жазған Мэттис Трампқа.
Арада біршама уақыт өткенде Трамп Мэттистің отставкасын қабылдайтыны туралы Twitter арқылы хабарлап, оның екі жыл Пентагонды басқарған кездегі жетістіктері мен атқарған жұмысына байланысты алғыс білдірген.
«Джим жұмыс атқарған кезеңде, әсіресе жаңа әскери қару сатып алуда зор прогреске қол жеткізді… Генерал Мэттис одақтастарымыз бен өзге елдердің өздеріне тиесілі әскери шығынды төлеуіне байланысты маған өте көмектесті», — деп жазды Трамп.
АТЫШУЛЫ ОТСТАВКАЛАР
АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа қорғаныс министрінің аты-жөнін көп ұзамай жариялауға уәде етті. Пентагон басшысы Мэттистің қызметтен кетуі — Ақ үйге Трамп билікке келген екі жылға жуық уақыт ішінде көпшілік назарына іліккен шулы отставкалардың кезектісі.
Желтоқсанның 8-і күні Трамп Ақ үй аппаратының басшысы отставкадағы генерал Джон Келлидің жыл соңына дейін қызметінен кететіні туралы мәлімдеген. Хабарларға қарағанда, Трамп пен Келлидің арасында көптеген мәселелерге байланысты келіспеушілік болған, америкалық кей басылымдардың жазуынша, президент пен аппарат басшысы бір-бірімен сөйлесуді қойған.
Қарашаның 7-і күні АҚШ бас прокуроры Джеф Сешнс отставкаға кеткен. Сол тәрізді, қазанда АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли де бұл қызметтен кететіні туралы мәлімдеген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы болып істеген Рекс Тиллерсонды Трамп наурыздың 13-і күні жұмыстан босатқан. Отставкаға кеткеннен кейін Тиллерсон журналистерге берген сұхбатында президент Трампты «оқуға салғырт» деп сынаған. Трамп Twitter әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында Тиллерсонды «тас кеще» және «көкжалқау» деп сөккен.
Дереккөз: Азаттық