Дулат Ағаділдің жақындары марқұмның денесін эксгумация жасаудан бас тартқан — Қазақстан жаңалықтары

0

Нұр-Сұлтан қаласында түрмеде қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділдің туыстары марқұмның денесіне эксгумация жасаудан бас тартқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

туыстары

Марқұмның туыстары адвокат Бауыржан Азановқа үндеу арнады. Өз сөзінде Дулат Ағаділдің анасы адвокатқа оның бұл іске араласпауын өтінді. Сондай-ақ марқұмның анасы Бауыржан Азановты танымайтынын, оны жалдамағанын және отбасының басқа қорғаушысы бар екендігін қосты. 

Сонымен қатар белсендінің ұлы Нұрболат Ағаділ Бауыржан Азановтың әлеуметтік желідегі жазбалары дұрыс еместігін алға тартты. 

Өз кезегінде Бауыржан Азанов бұл туралы пікірін білдіріп кетті. Айтуынша, олар Дулат Ағаділ екеуі бірін-бірі бұрыннан таниды екен. 

«Біз дос болдық деп айтсақ болады. Дулат ұсталған кезде маған оның достары келіп көмек сұрады. Кей кездері Дулаттың өзі келіп менен кеңес алып жүретін. Ол маған сенетін. Мен бұл іске араласқым келмеді. Мен тірі досымды қорғамақшы болып бардым, бірақ кейіннен оның қайтыс болғанын естідім. Оның денесіне эксгумация жасауды бірден талап еттім», — дейді Азанов. 

Айтуынша, ол марқұмның туыстарымен кездескен екен. 

«Мен маман ретінде қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Бұның барлығы Дулат үшін. Алдыңғы жексенбі күні Дулаттың жақындарымен кездестім. Олар менің пікірімді білді. Бірақ олар о бастан эксгумация жасауға келісімдерін бермеді. Әрине, бұл —  олардың шешімі. Бірақ Дулаттың анасы мен ұлы түскен видеоны көргенде таңқалдым. Олар мені өмірлерінде көрмедік деп отыр», — дейді адвокат.

Еске салайық, бұған дейін Дулат Ағаділдің денесі жер қойнына тапсырылғаны айтылған еді. 

 

stan.kz