Домбырасын ұшаққа алып кіре алмаған айтыскерге қатысты дауға әуе компаниясы пікір білдірді

0

Алматы әуежайында музыкалық аспапқа қатысты жанжал туындады. Айтыскер Айшолпан Тілеутай қол жүгі ретінде өзімен бірге домбырасын алып кірмек болған, бірақ Fly Arystan әуе компаниясының қызметкерлері оған домбыраны ұшаққа кіргізуге рұқсат бермеген. Айтыскер Айшолпан Тілеутай өзінің Instagram парақшасында домбырамен ұшаққа кіргізбегенін, тіпті қолынан аспапты тартып алғысы келгенін айтқан.

«Fly Arystan-ға билет алдым. Әдеттегідей қолымда домбырам бар. Тіркеу, тексеруден өтіп, халықпен бірге енді ұшаққа шығайын деп келе жатсам, алдымнан Fly Arystan-ның бір қызы шығып: «біз домбыраны өткізбейміз немесе сізден тіркеуден аламыз» деді. Мен «қолымда қазақтың домбырасы, жолымда тұрмаңыз» деп әрі қарай кетіп бара жатсам, жаңағы қыз киімімнен тартып, мені итерді. Домбыраны алайын деп қолымнан тартып, өзінің шамасы жетпеген соң тағы бір қызын шақырып, екеулеп домбырамды тартты. Мен де қарулымын, бокспен айналысқанмын, екеуінің тартқанына да, итергеніне де қарамай, әрі қарай ұшаққа жүре бердім. Сөйтіп екі қыздың шамасы жетпеген соң, маған күзет шақырды. Күзеттегі ағамыз иманы бар, намысы бар қазақтың жігіті екен, маған қарады. Мүмкін мені таныды немесе қазақтың домбырасын құрметтегені болар, күзет ештеңе демеді. Әрі қарай баспалдақпен ұшаққа отырдым. Ұшып Астанаға келдім», — деді айтыскер.

Болған жайтқа қатысты Fly Arystan әуе компаниясы ресми Telegram-арнасында түсініктеме берді. Әуе компаниясының өкілдері жолаушы онлайн тіркеуден өтіп, музыкалық аспапты бөлек жүк ретінде тіркеместен, бірден ұшақтың қону алаңына барғанын алға тартады. Бұл әуе компаниясының ережелеріне қайшы әрекет, дейді олар. «Жолаушы келісімін берген ережеге сәйкес, билетті брондау кезінде музыкалық аспап үшін борттағы бөлек орын сатып алынуға тиіс. Бұл барлық 188 жолаушының қол жүгін сыйдыру үшін және құралдың сынуына/бұзылуына жол бермес үшін қажет», — деп түсіндірді әуе тасымалдаушысы. Әуе компаниясы қызметкерлерінің хабарламасын зерттеу барысында бейнежазбадан жолаушы компания өкілдерінің ескертпелері мен түсіндірмесін елемей, қызметкерлерді балағаттап, итеріп жібергені және бортқа жүгіріп шыққаны анықталғанын хабарлады.

Сондай-ақ компания рейсті кешіктірмес үшін жолаушыны ұшақтан шығармау туралы шешім қабылданғанын айтты. Өйткені қауіпсіздік ережелеріне сәйкес барлық жолаушыны түсіріп, қайта тексеруден өткізу керек. Дегенмен тасымалдаушы мұндай жағдай қайталанса, әуе компаниясы деструктивті жолаушыларға тиісті шараларды қолдануға мәжбүр болатынын ескертті. «FlyArystan еліміздің салт-дәстүрлері мен құндылықтарын, ұлттық аспаптарын құрметтейді, сонымен қатар отандық музыкалық ансамбльдер мен мәдениет қайраткерлерін қолдайды. Бірақ FlyArystan әуе тасымалы бойынша ережелер барлық жолаушыға бірдей, сондықтан әуе компаниясының қызметкерлері жолаушының мәртебесі мен танымалдығына қарап, оның ырқына көне алмайды», — деп қосты компанияда. Fly Arystan ресми сайтының хабарлауынша, жолаушы өзімен алып жүрген сөмке, фотоаппарат, бейнекамера, ноутбук, торт, гүл, әмиян, себет, қорап сияқты барлық зат қол жүгі болып саналады. Сондықтан компания заттарды алдын ала бір ғана қол жүгіне салуды ұсынады.