Доллардың есептік бағамы қашан қаралады?
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған доллардың есептік бағамы мен инфляция дәлізі бір апта ішінде қайта қаралатынын айтты, — деп хабарлайды KZNEWS.KZ жаңалықтар порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Қаржы министрлігінің басшысы қазір ведомство Ұлттық банкпен бірлесіп биылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға дайындалып жатқанын атап өтті.
«Негізгі параметрлер: доллардың есептік бағамы, инфляция дәлізі. Бұл мәселелер осы аптада талқыланады. Бюджет жобасын жасаған кезде бұл сан белгілі болады. Қазір айта алмаймын. Мұны Ұлттық банкпен болжап, бағам бойынша, белгілі бір тауарлар мен қызметтердің өсуі бойынша қарастыру керек. Бір апта ішінде белгілі болады», — деп нақтылады Жамаубаев Үкімет кулуарында.
Оптимистік сценарий бойынша, доллар бағамы 415 теңге шамасында болады деп болжанып отыр. Базалық сценарий бойынша, 425 теңге, ал пессимистік сценарий бойынша, 435 теңге болады.