«Димашқа қатты қызықпауға тырысамын»: Нұрлан Қоянбаев шоу-бизнестегі әріптестері мен елдің болашағы туралы — Қазақстан жаңалықтары
Белгілі продюсер, шоумен, актер Нұрлан Қоянбаев Димашқа қатты сұқтанып қарамайтынын айтады, себебі «көз тиеді» деп қорқады. Өнердегі әріптестерін қатты бағалайтын бұрынғы КВН ойыншысы қазір кинодан гөрі елдің болашағына бас қатырып жүргенін айтады. Stan.kz тілшісі продюсермен кездесіп, елдің болашағы, халықтың жағдайын жақсарту, бір-бірімізді қолдау, Аралдағы экологиялық апатты жою сияқты көкейтесті мәселелерді талқылап, сұхбат алды.
— Нұрлан, сіз де әріптестеріңізге сын айтатындай жасқа келіп қалдыңыз, бірақ ешқашан жаман сөз естімеппіз.
— Кейде айтқың келеді, жоғарыдан бастап, қалғандарына дейін, бірақ құр сынмен мәселе шешілмейді, бастысы – тірлік. Адамның сөзіне емес, тірлігіне қарау керек дегенді ұстанамын. Менде де сын айтатын кездер болады, бірақ жеке айтуға тырысам. Қазір одан көрі жұмыс істеу керек, інілеріме де шаршап жұмыс істейік деген кеңес айтамын. Барлық салада. Киномыз — драма да, тарихи фильмдеріміз де дамысын, оны басқаларға көрсетейік, біз өз тарихымызды өзіміз жақсы білеміз ғой онсыз да, басқа жұртқа көрсетейік. Қатты шаршап жұмыс істеуіміз керек, сол кезде біздің немере-шөбелерімізге жеңілірек болады. Біз деп отырғаным, 30, 40, 50-дегі азаматтар, 20-дағылар енді-енді аяқтарына тұрып, үйлі-баранды болып жатыр. Олар Ninety One-ды тыңдап жүре берсін. Ninety One десмекші, оларға тиісіп кетті шаш бояйды деп. Мен қаншама адамды білемін шашын бояйтын, көк емес, қара, қоңыр түске, бірақ ол да краска ғой. Болмайды кішкентай інішектерге тиісуге.
— Ninety One демекші, топты «Бизнес по-казахски» фильміне тарту қиын болды ма? Жігіттердің бірі эпизодтық рольде көрінді, сонымен қатар әндері саундтрек ретінде пайдаланылды.
— Ауыр-жеңіл деген жоқ. Бір байқағаным, кімге хабарласпасаң да, жоқ демейді. Біздің өнер адамдары барлығы текті, өте бауырмашыл, халыққа жақын. Халықтың ортасында жүргендіктен, көп сынайды, солар бірінші көрініп қалады. Қанша қиын заман болсын, қолдан келгенше өнерін жалғастырып жатыр. Сондықтан алғысым шексіз. Мысалы, Димаш, тіл-көзім – тасқа, қандай тамаша бала. Димашқа қатты қызықпауға тырысамын да, көзім өтіп кетпесін деп, әрі қарай шаба берсін деп. Тәрбиесі қандай, ата-анасына мың алғыс, елін қалай сүйеді! Қазақ тілінде Нью-Йоркте ән айтып жүргенінің өзі бақыт емес пе біз үшін. Мықты-мықты қазақтың ұл-қыздары көп қой, бірақ Димаш туралы айтып жатқаннан кейін, Димаш — біздің қазақ елінің айнасы! Ең озық үлгісі. Әдемі, ешқандай артық әңгімесі жоқ, Димаштың амандасқанын көрсеңіз. Түсірілім, «Түнгі студияда» кездесіп қалған кезде амандасуының өзі ғажап, жүрегі үлкен! Халық та оны сезеді.
— Иә, Димашқа басқа ұлт өкілдері де таласып жатады, ол тек қазақтың баласы емес, бүкіл әлемнің баласы деп.
— Мен таңертең оянғанда әрбір қазақ Димашқа бір-бір лайк қойып шықсын деген ұсыныс айтқым келеді, ол біздің басты мақтанышымыз ғой, лайкта тұрған ештеңе жоқ, күнде 10 млн лайк жинап қойсақ. Сөйтіп, бүгін Димашты, ертең Данияр Елеусіновті қолдап жіберейік. Менің айтқым келіп тұрғаны – бір-бірімізді қолдап жүрсек, демеп жүрсек. Кейде маған хабарласып, «Нұрлан, киноға баруға ақшамыз жоқ» дегенде қатты уайымдап кетемін. Құдайдан тілейтінім, бүкіл қазақ бір-бірін қолдайтындай жағдайға жетсе екен, көңіл-күйі тоқ болса екен деп. Менің қазіргі басты ойым – осы елдің жағдайын дұрыстайтын жобаларды қолға алу. Өзімді халқымның жағдайы, елімнің болашағы қатты алаңдатады, ойланып-толғанып жүрмін, бір идея да бар. Міндетті түрде орындауға уәде беремін. Қазір кинодан гөрі халықтың жағдайын көтеру, Аралдың суын толтыру, елімізде жақсы мектептерді ашу сияқты мәселелерге толғанып жүрмін. Біздің халыққа та өзгерістер керек, бұрынғыдай, «әйтеуір тыныш өмір сүріп жатырмыз» деген ойдан арылу керек. Ал өнер адамдарына, биліктегілерге халықтың батасын алу керек, ол — басты өлшем.
Мен өз интуицияма сененмін, осы уақытқа дейін тек соған сеніп келе жатырмын. Бұйыртса, жақсы өмір сүреміз. Тек кемшіліктер барын мойындауымыз керек, сол кемшіліктерді жою керек. Бәріміз жабылып қазір жұмыс істеуіміз керек.
— Бастамаларыңызға, идеяларыңызға сәттілік тілейміз, Нұрлан мырза. Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбатты жүргізген: Жанар Жансейіт
stan.kz