Димаш Денис Тен туралы: Ол ешқашан сөнбейтін жұлдыз
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі әнші Димаш Құдайбергенов Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен туралы естелігімен бөлісті.
«Денис Тен – қазақтың ешқашан да өшпейтін жарық жұлдызы. Ол жұлдыз ешқашан сөнбейді. Түнделетіп Қазақстанға келдім. Сол келген бойда Денистің көрмесін ұйымдастырып жатқан жандарға алғысымды білдірейін деп және көрме қалай өтіп жатқанын көргім келіп барған едім. Ешкім жоқ кезде өзіммен-өзім өткен-кеткенді еске алдым. Денисті мақтаудың өзі артық. Сіздер оны керемет спортшы, керемет өнер адамы есебінде білсеңіздер, мен оны керемет дос ретінде білемін», — деді әнші.
Димаш Дениспен осыдан біраз жыл бұрын танысқанын, дегенмен соңғы жылдары ғана етене араласа бастағанын айтты.
«Денистің қарапайымдылығы ұнайды, өте қарапайым. Қазақстанға келгенде түнде студияда болдық. Өздеріңіз білесіздер, жалпы биік белестерді бағындырған, аты шыққан адамдар сәл-пәл масаттанып, пендешілік танытады. Денистің бойынан ондайды ешқашан көрмедік. Өзіміз әзілдеп арасында «Олимпиада жүлдегері бізбен бірге қарапайым жерден тамақ іше ме?» дейтінбіз. Сол кезде түнде шығып ең арзан бір жерге бара салғанбыз. Денистің кәсібіне кәсіби тұрғыдан қарап, қоғамда өзінің адам екенін ұмытпағаны қазақ үшін үлкен мақтаныш. Әрбір айтқан сөзін, әрбір атқарған жұмысын «қазақтың, елімнің мәртебесі үшін» деп жүрген бала болатын. Енді ондай жан туа қоймайды. Өйткені қазақтың тарихында болмаған, қазақтың қанында жоқ дүние – мәнерлеп сырғанаудан болмаған жетістіктерге жетті. Ол елдің атынан осындай да азаматтар бар екенін дәлелдеу үшін мәнерлеп сырғанаудан қазақтар да олимпиада жүлдегері атанады дегенді дәлелдеу үшін шетелде қаншама жыл білім алды. Қазақстанда шәкірт тәрбиелесем деп армандаған еді», — деді Димаш Астанада өткен журналистермен кездесуде.
Әнші Денис Тенмен бірге келесі концертінде «S.O.S» әнін бірге орындаймыз деп келіскен екен. Алайда енді ол әнді Димаш Лондонда жалғыз өзі айтатын болады.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ