Депутат жұмысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақыны көтеруді ұсынды
Қысқа сілтеме алу
Айқын Қоңыров әлеуметтік төлем жаңа жұмыс іздеп жүрген адамдардың күнкөрісіне де жетпейді. Ресми нормалар бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 668 теңгені құрайды
НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров жұмысынан айырылған кезде төленетін әлеуметтік төлемнің өте аз екенін айтып, жәрдемақыны көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қоңыровтың айтуынша, елімізде орташа жалақы мөлшері өскенімен, жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлем, керісінше, азайып барады. Мәселен, былтыр мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері 24 816 теңгені құраған. Ал республика бойынша орташа жалақы 176 мың теңгеге жетті. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында жалақы 177 мың теңгеге дейін өссе, жәрдемақы 22 736 теңгеге дейін төмендеген.
«Тамыздағы дерек бойынша елімізде орташа айлықтың мөлшері 188 мың теңгеге жетті. Ал сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем 22 мың 069 теңгеге дейін азайды. Яғни, жалақы артқан кезде, әлеуметтік төлем, керісінше, азаяды», — дейді Қоңыров премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, әлеуметтік қорға аударым жасаған кезде, жалақы әдейі төмендетіледі. Не болмаса, елімізде жалақы ресми статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда аз.
«Әлеуметтік төлем жаңа жұмыс іздеп жүрген адамдардың күнкөрісіне де жетпейді. Тіпті, ресми нормалар бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 668 теңгені құрайды. Яғни, жұмысынан айырылғандар алатын әлеуметтік төлемнен 1,4 есе артық. Сонда жұмысынан айырылған адам отбасын қалай асырайды?!», — деп ашуланды Қоңыров.
Тағы оқыңыз: «Кейін көреміз оны»: Нығматулин қарсы дауыс берген депутат жайлы
Мәжілісменнің сөзіне сүйенсек, кейбір өңірлерде жағдай бұдан да қиын. Мәселен, Қостанай, Қызылорда, Ақмола, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында төлемнің орташа мөлшері 15 мың теңгеден аспайды.
«Жұмыстан айырылған кезде төленетін төлемнің мөлшері, тым құрығанда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен асуы керек деп санаймыз», — деді Қоңыров.
Сондай-ақ, депутат жұмысынан айырылғандар үшін сақтандырудың толыққанды жүйесін құруды ұсынды.
sputniknews.kz