Депутат кеңесі: Үй алу үшін айлықтан бөлек 300 мың жинап отырсын

0

Депутаттар жеңілдетілген ипотекамен баспана алу үшін қажетті 30%-ды қалай табуға болатынын айтты.

Ол үшін ай сайын жалақыңыздан 300 мыңды бөлек алып жинап отыру қажет екен.

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен ҚР Премьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында қазіргі уақытта тұрғын үй алу кезегінде шамамен 530 мыңға жуық адам тұрғанын және жыл сайын олардың саны тағы 50 мың адамға көбейіп келе жатқанын атап өтті.

«5-10-20» – «Шаңырақ» бағдарламасы

«Нұрлы жер» бағдарламасына кіретін «Шаңырақ» – «5-10-20» пилоттық жобасы әкімдіктерде кезекте тұрғандарға ипотекалық несие беруді қарастырады. Несие алу шартының бірі –  соңғы алты ай ішінде зейнетақы қорының үзінді көшірмесін тапсыру.

«Алайда қазір I, II топтағы мүгедектігі бар адамдар еңбек табысын растай алмауына байланысты жеңілдетілген осы ипотекалық кредитке қол жеткізе алмай отыр», – деді Сүлеймен үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.

«7-20-25» бағдарламасы

Ал «7-20-25» бағдарламасы, оның айтуынша, көптеген қазақстандық үшін едәуір қолжетімді. Бірақ, бір кемшілігі – ол тек бастапқы тұрғын үй нарығына ғана бағытталған.

«Тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген кезде одан пәтер табу қиын. Себебі бастапқы тұрғын үй нарығы алыпсатарлар қызметінің объектісі. Олар бір уақытта бірнеше пәтер сатып алады. Осыған байланысты азаматтар тұрғын үйді алдын ала брондау шартымен сатып алуға мәжбүр. Бұл азаматтарды қосымша шығындарға алып келеді», – деді сенатор.

Яғни, бағдарламада мемлекет тарапынан көзделген 20% бастапқы жарна 30%-ке дейін өседі.

Осыған байланысты депутат «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді екінші нарықта алуға рұқсат ету тиімді әрі арзандау болар еді деп есептейді.

«Баспана хит» бағдарламасы

«Баспана хит» бағдарламасы екінші нарықтан пәтер алуға мүмкіндік береді. Бірақ, Сүлейменнің айтуынша, оның несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі жоғары, қарыз мерзімі де аз және ай сайынғы кірісі 180 мың теңгеден төмен адамдарға қолжетімсіз.

Сол себепті депутат «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салудың ауқымын кеңейтуді ұсынды.

Жалғыз үйінен мәжбүрлеп көшіру

Сенат депутаты көтерген тағы бір мәселенің бірі – азаматтарды жалғыз тұрғын үйінен мәжбүрлеп көшіру.

«БҰҰ экономикалық және әлеуметтік-мәдени құқықтары жөніндегі комитетінің талаптарына сәйкес, мәжбүрлеп көшіру адам құқығының бұзылуы тұрғысынан үйсіз адамдардың көбеюіне әкелмеуі тиіс. Бұл жағдайда балама тұрғын үй ретінде арнайы баспаналарда орын беруді немесе сатып алу құқығынсыз жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үй беруді қарастыру керек», – деді Сүлеймен.

Ол коронавирус пандемиясына байланысты қазақстандықтардың экономикалық жағдайының нашарлауын ескеріп, мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу негіздерінің тізбесін жан-жақты қарауды ұсынды.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз