Депутат Базарбектің отбасына қоқан-лоқы: полиция күдіктінің ұсталғанын растады
Алматы полициясы депутат Бақытжан Базарбектің баласының арбасын өртеп жіберді деген күдікпен 1991 жылы туған Б. есімді азамат ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айта кетейік, бұған дейін белгісіз біреулер депутат Базарбектің баласының коляскасын өртеп кеткені туралы ақпарат тараған.
«Менің отбасыма белгісіз біреулерден қоқан-лоққыға ұқсайтын әрекеттер басталды. Кішкентай балапанымның коляскасын квартирамыздың есігі алдында жағып жіберген. Осылай, Ескі Қазақстанның өкілдері өзінің бар-жоғын ескертіп, білдіртіп отырғандай сезінесің!» — деп жазды депутат.
Бақытжан Базарбектің өзі мәжілісте жер мәселесін жиі көтереді. Екі күн бұрын ғана бір топ сенатордың «жер кодексіне күмәнді және аса қауіпті түзетуді ұсынып» отырғанын, сенаторлар қорғалатын табиғи аумақтардың бір бөлігін ауылды елді мекендердің құрамына ауыстыру мүмкіндігін беруге тырысып жатқанын мәлім еткен еді.