«Денсаулықтан айырылып, жоқшылықта күн кешіп жатырмыз». Тоқаевқа хат
«СҰРАҒЫМЫЗ КӨП»
69 мың теңге немесе 170 доллардан сәл артық ақша. Шахтада қырық жыл еңбек еткен Иван Штректің ай сайын осынша зейнетақы алады. 20 жыл шахтада еңбек етіп, үшінші топтағы мүгедек атанған Иван тағы 17 жыл жер бетінде жұмыс істеген.
Биыл жасы келіп, зейнетке шыққан соң Иван Штрек өндірісте жүріп денсаулығынан айырылуына байланысты 63 жасқа дейін алып келген өтемақыдан қағылған. Оның сөзінше, бұл көмірге бай Қарағанды өңірінде тұратын, зейнетке шыққаннан бастап әлгіндей өтемақыдан айырылатын 2,5 мыңға жуық еңбек мүгедегінің басында бар көп проблемалардың бірі.
Зейнеткер Штрек өндірісте жүріп мүгедек атанған бұрынғы шахтерлар құрған бастамашыл топқа кірген. Топ мүшелері өндірісте істеп еңбек мүгедегіне айналған жандардың жағдайын жақсартуға күш салып жүр. Ауыр жұмыстан денсаулығынан айырылғандардың кейбірі — зейнеткер, қалғандары өндіріс орындарында әлі жұмыс істеп жүр.
Өндірісте мүгедекке айналғандар кейін жоқшылықта күн кешуге мәжбүр болады.
Бастамашыл топ мүшелерінің сөзінше, 2015 жылы сақтандыру туралы заң мен азаматтық кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін еңбек мүгедектерінің жағдайы ауырлап кеткен.
— Көбі зейнет жасына жетпейді. Заңға енгізілген өзгерістер мүгедектердің денсаулығы мен өмірінің құнын жоғалтты. Министрлер жиі ауысады, бірақ жағдай сол қалпы. Қазір мүгедек санатындағылар зейнетке шыққанда аштан өле жаздайды. Заңды өзгертпеу керек еді. Сол заңның кесірінен, өндірісте мүгедекке айналғандар кейін жоқшылықта күн кешуге мәжбүр болады. Құдды Қазақстандағы ірі шетелдік компаниялардың мүддесін қорғап жатқандай. Статистика бойынша, елде өндірісте жүріп мүгедек болғандардың көбі сол шетелдік компанияларда істеген. Бұған нақты біреу кінәлі деп айта алмаймын. Бірақ бұған байланысты қояр сұрағымыз көп. Азаматтардың мүддесі ескерілмей отыр, — дейді Иван Штрек.
Бұрынғы шахтерлар өндірісте жүріп денсаулығынан айырылғандарға төленіп келген өтемақыны олардың зейнетке шығуына байланысты тоқтату БҰҰ-ның «Мүгедектер құқығы туралы» конвенциясы мен Қазақстан конституциясына қайшы деп санайды. Олар билік заңға өзгеріс енгізерде еңбек мүгедектеріне қауіп-қатерді есептемеген, ал қазір бұл іс бойынша сотта жеңіске жету мүмкін емес деп топшылайды.
— 2015 жылғы заң өзгерістері күшіне енбей тұрып мүгедек санатын алған адамдарға да өтемақы берілмейді. Соттар жиі жүгінетін, заңдық негізі жоқ тәжірибе қалыптасты. Оның үстіне, мүгедек жан денсаулығынан айырылғанына байланысты алатын өтемақысынан өзіне зейнетақы жинайды (міндетті зейнетақы жарнасын меңзеп отыр – ред.). Яғни, мүгедек болған адам жоқшылықтан көз ашпайды, — дейді Евгений Архипов.
Заңға төрт жыл бұрын енгізілген өзгертулер зейнетке шыққандарды өтемақыдан айырып қана қоймай, оған қоса төлем көлемін «ресми» инфляция деңгейіне «байлап» тастаған. 2017 жылдың соңында жалақысын көтеру талабымен ереуілге шыққан Қарағанды облысы шахтерлары мақсатқа жетті (еңбекақыны 20 пайыздан 30 пайызға дейін көбейткен), ал өндірісте жұмыс істеп мүгедек болғандарға берілетін төлем көлемі өзгерген жоқ.
ПРЕЗИДЕНТКЕ АШЫҚ ХАТ ЖӘНЕ МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ
Мүгедек шахтерлардың бастамашыл тобы әртүрлі органдарға шағымды бірінше рет жазып отырған жоқ. Олар осыған дейін бірнеше өкілін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы арнайы жұмыс тобына қосуға қол жеткізген. Бірақ жұмыс тобының биылғы отырысына оларды ешкім шақырмаған. Биыл жиын өтпеген болуы да мүмкін.
Өзгерістер болмаған соң, мүгедек шахтерлардың бастамашыл тобы шілденің соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдаған. Жақында оларға хаттың Ақордаға жеткені туралы хабар келген.
Шахтерлар хатында «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз көп жыл бойғы адал еңбегімен Отанымыздың мүддесіне қызмет етіп, өндірісте денсаулығынан айырылған, қазір шарасыз күйге түсіп, жоқшылықта күн кешіп жатқан азаматтардың мәселесін шешуге көмектеседі деген зор үмітіміз бар!» деп жазған.
Азаттық тілшісі еңбек мүгедектерінің президентке жазған ашық хатына байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен пікір алуға тырысты. Тілшінің «Биыл жұмыс тобының жиыны өтті ме?» «Оған еңбек мүгедектері шақырылды ма?» деген сұрақтары жауапсыз қалды. Министрліктен келген хатта жұмысшы тобы еңбек мүгедектері көтерген «мәселелерді жан-жақты зерттеу және талқылау» мақсатында құрылғаны жайлы жалпылама жазылған.
Министрдің орынбасары Ақмәди Сарбасов қол қойған жауап хатта «Сақтандыруға қатысушы барлық тараптың (жұмысшылар, жұмыс берушілер, сақтандыру компаниясы) мүддесін тең қарастыру үшін министрлік «Жұмысшыны еңбек (қызмет) міндетін атқару кезінде оқыс жағдайға ұшыраудан міндетті сақтандырудың тарифтері мен шығындарын бағалау» тақырыбында зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, министрлік нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар дайындап жатыр» деп жазылған.
Министрлік ұсыныстар жақын уақытта өтетін жұмыс тобының отырысында қаралатынын, содан кейін мәселеге қатысы бар мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жіберілетінін жазған. Министрлік өкілі зерттеу авторлары қандай қорытындыға келгенін, оның негізінде қандай ұсыныстар дайындалғанын ашып айтпаған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2019 жылы тамыздың 1-і күнгі есебі бойынша, Қазақстанда өндірісте жұмыс істеп жүріп мүгедек болған 14,5 мың азамат бар.
Билікке жақын кәсіподақтар федерациясы биыл көктемде өндірісте болған оқыс жағдайлардың статистикасын жариялады. Ол ақпаратқа сәйкес, 2018 жылы елдегі кәсіпорындарда бір жарым мың адам зардап шеккен. 216 жұмысшы қаза тапқан. Оқыс оқиғалар негізінен «Қазақмыс», «АрселорМиттал Теміртау», «Қазмырыш» сияқты кәсіпорындарда жиі қайталанған. 2018 жылы Қарағанды облысында 500 адам кәсібіне байланысты ауруға шалдыққан.
Батыстың құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігіне еңбек кодексін Халықаралық еңбек ұйымы стандарттарына сәйкестендіріп, кәсіподақтар туралы заңды қайта қарауға бірнеше рет шақырған. Биыл маусым айында Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарды қолдану жөніндегі комитеті өз есебінде Қазақстанды арнаулы параграфқа қосып, қатаң санкция салған. Олар бұл шараны Қазақстанның еңбек және кәсіподақ құқықтарын жүзеге асыру ісінде «прогресс болмауымен» түсіндірген.